Астана қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жауынгерлік қызмет атқару барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5516 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жол-көлік оқиғасының куәсі болды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға сағат шамамен 21:17-де қала көшелерінің бірінде орын алған. Белгісіз автокөлік 6 жастағы баланы қағып кеткен. Жауынгерлік қызмет атқарып жүрген әскери жасақ бастығы кіші сержант Исабек Жігер патрульшілер ефрейтор Балманбетов Ақарыс және ефрейтор Турбаев Жанат оқиға орнына дереу жетіп, зардап шеккен балаға алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Әскери қызметшілер жедел жәрдем қызметін шақырып, оқиға орнының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Дәрігерлер келгенге дейін баланың жағдайын бақылауда ұстап, қажетті көмек көрсеткен.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында зардап шеккен бала уақытылы медициналық мекемеге жеткізілді.
Қазіргі таңда оқиға бойынша тиісті құзырлы органдар тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілуде.




