Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін пайдалану арқылы шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) заңсыз рәсімдеу схемасын әшкерелеп, оның жолын кесті.

Агенттік мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шетел азаматтарына ЖСН тек Қазақстан аумағында жеке қатысу және міндетті биометриялық сәйкестендіруден өту арқылы беріледі. Алайда 2024–2025 жылдар аралығында елге келмей-ақ ЖСН алуға мүмкіндік беретін заңсыз схема ұйымдастырылған.

Тергеу барысында аталған схеманы жүзеге асыру үшін әлеуметтік желілерде арнайы арна қолданылғаны анықталған. Сол арқылы Қазақстанға келмей ЖСН рәсімдеуге мүдделі шетел азаматтары тартылып отырған.

Қылмыстық әрекетке «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Астана қаласындағы филиалының қызметкерлері қатысқаны белгілі болды. Олар халыққа қызмет көрсету орталығының ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізіп, жалған өтінімдер рәсімдеген.

Заңсыз табыс делдалдар арқылы банк аударымдары негізінде қабылданып, кейін схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды.

Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.