Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Режеп Тайип Ердоғанды Астана әуежайында қарсы алды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Түркия Президентінің ұшағы Қазақстан әуе кеңістігіне енген сәттен бастап елорда әуежайына дейін оны Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары алып жүрді.
Мәртебелі мейманды қарсы алу рәсіміне орай әуежайда Құрмет қарауылы ротасы сап түзеді. Сондай-ақ екі елдің мемлекеттік туларын ұстаған балалар Түркияның ресми делегациясын «Ata yurda hoş geldiniz!» – «Атажұртқа қош келдіңіз!» деген сөздермен қазақ және түрік тілдерінде қарсы алды.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан мен Түркия туларын алып ұшқан тікұшақтар әуежай аумағының үстімен қалықтап өтті.




