Атырау облысының Томарлы ауылында орналасқан балалар ойын алаңында кішкентайлардың өміріне қауіп төндіретін нысан пайда болды. «Ақ Жайық»басылымының хабарлауынша, Тәуелсіздік көшесіндегі ойын аймағының қақ ортасында бетонды мұнара орнатылған.
Ойын элементтерінің арасында сатылы скобалары бар бетон бағана тұр. Нысан ешқандай қоршаумен қорғалмаған, кез келген бала еркін шыға алады. Балалар мұнараның төбесіне жиі өрмелеп шығады, бұл олардың құлап, жарақат алу қаупін тудырып отыр.
«Күн сайын балалардың жоғарыға өрмелеп жатқанын көремін. Төменге құлап кетпесін деп, қорыққаннан жүгіріп барып, оларды түсіріп аламын», — дейді ауыл тұрғыны Жайшылық Ерғалиев.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындары мен ата-аналар балалардың қауіпсіздігі үшін алаңда кезекшілік ұйымдастыруға мәжбүр. Олар жазатайым оқиғаның алдын алу үшін балаларды үнемі бақылауда ұстап отыр.
Әзірге бұл бетонды конструкцияның не үшін орнатылғаны және ойын алаңының ортасында не себепті тұрғаны белгісіз.




