Әлеуметтік желілерде бұрынғы Алматы әкімі Бауыржан Байбекке қатысты ақпарат қайта қызу талқыланып жатыр. Бұл жолы оның есімі Ақмола облысында іске қосылған ірі өндірістік жобамен байланыстырылып, қоғамда түрлі күмән мен сұрақ туғызды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Желіде тараған мәліметтерге сүйенсек, 2026 жылдың сәуір айында Ақмола облысының Зеренді ауданында “Qazaq Kaolin” ЖШС-нің тау-кен байыту комбинаты техникалық іске қосылған. Жоба Алексеев кен орны базасында жүзеге асырылып жатыр.
Кәсіпорында немістің AKW компаниясының заманауи жабдықтары орнатылғаны айтылған. Ал өндірістің болашақ қуаты жылына 230 мың тонна шикізат өңдеуге жетпек. Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 12 млрд теңге деп көрсетілген. Комбинаттың толық іске қосылуы 2026 жылдың шілдесіне жоспарланған.
Желіде тараған мәліметтерде кәсіпорын құрылтайшылары қатарында Байбек әулетіне жақын адамдар бар екені айтылады. Атап айтқанда, құрылтайшылар ретінде 86 жастағы Қыдырғали Байбек пен 26 жастағы Бекзат Керімбайдың есімдері көрсетілген.
Сондай-ақ Бекзат Керімбайдың Aray Media Group қорын басқаратыны, ал бұл ұйымды Байбектің туысы Айгүл Байбек құрғаны туралы мәліметтер келтірілген. Бірақ аталған компанияның кейінгі жылдары белсенді қызметі байқалмағаны да айтылған.
Жазба авторлары бұдан бұрын “Qazaq Kaolin” компаниясын басқарған тұлғалар қатарында Тимур Әбілов болғанын, оның да Байбекпен бұрыннан байланысы бар екенін алға тартады. Сонымен қатар Байбектің өзі шетелде түрлі қызмет атқарғаны, оның ішінде Жапониядағы компаниялардың бірінде кеңесші болғаны жөнінде де ақпарат келтірілген.
2025 жылдың желтоқсанында Байбектің компания директорлар кеңесінің төрағасы болғаны туралы дерек те жарияланған. Авторлар мұны “бизнеске ашық оралу” деп бағалаған.
Бауыржан Байбек билік ауысқан соң елден кеткен. Соңғы кездері оның аты жиі атала бастады. Экс-әкім сырттан Қазақстанға инвестор тартумен айналысып жүргені айтылуда. Бұл сыртта жүрген экс-шенеуніктің елге оралу алдындағы оң әрекеттері болуы мүмкін деген болжамда жоқ емес.




