Фото: Sputnik/Болат Шайхинов
Алматы қаласындағы «Байсат» көтерме-бөлшек сауда нарығы үшінші рет аукционға қойылды. Бұған дейін базар Қайрат Сатыбалдының ұлы – Бауыржан Нұрсұлтанға тиесілі болған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Қайтарылған активтерді басқару компаниясының ресми сайтында жарияланды.
Аукцион E-Qazyna порталында 5 ақпан күні Астана уақытымен сағат 12:00-де өтеді. Бастапқы баға 24 миллиард 772 миллион теңге болып белгіленген.
Айта кетейік, «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығындағы үлес алғаш рет өткен жылдың қараша айында сатылымға шығарылған. Алайда сол кезде аукцион өтпей қалған, себебі сауда басталған сәтте нысан бойынша тіркелген қатысушылар болмаған.
Ал желтоқсан айының соңында базар қайтадан аукционға қойылды. Ол кезде бастапқы баға 26,7 миллиард теңге болғанымен, сатып алушы табылмады.
Нәтижесінде «Байсат» базарының бағасы шамамен 2 миллиард теңгеге төмендеді.




