Todayinfo.kz
NewsView all articles

Бектенов «Семей орманына» барды: жасанды интеллект өртті қалай тоқтатады?

Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысындағы «Семей орманына» барып, орман өртін жасанды интеллект арқылы ерте анықтайтын жүйені тексерді.

By Мұхтар Жексенбай··2 min read
Бектенов «Семей орманына» барды: жасанды интеллект өртті қалай тоқтатады?

Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапарымен барып, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватындағы орман өртін ерте анықтайтын жаңа жүйенің жұмысын тексерді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Бұл – былтырғы алапат өрттен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орманды қорғау саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізу туралы тапсырмасының орындалу барысын тексеру мақсатында жасалған сапар.

Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін жаңа жүйе орман мен даладағы өртті алыс қашықтықтан және кез келген ауа райы жағдайында анықтауға мүмкіндік береді. Премьер-министрдің, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің және Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қатысуымен орман өртінің имитациясы жасалып, арнайы оқу-жаттығу өткізілді. Мамандар цифрлық технологиялар мен өрт сөндіру қызметтерінің өзара әрекет ету алгоритмінің тиімділігін көрсетті.

Экология вице-министрі Нұрлан Құрмалаевтың айтуынша, заманауи тепловизорлық және оптикалық камералармен жабдықталған тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау кешендері өрт белгілерін бастапқы кезеңде автоматты түрде тіркейді. Түтін немесе өрт анықталған кезде жүйе дереу Жедел басқару орталығына дабыл жібереді. Бұл өрт ошағын тез арада ауыздықтап, жоюға септігін тигізеді. Осындай орталықтар «Семей орманының» Абай облысының 7 ауданында орналасқан барлық 10 филиалында ашылған.

Президент тапсырмасы бойынша өртті ерте анықтау технологиясы бүкіл елге кезең-кезеңімен таратылып жатыр. Қазірдің өзінде Ақмола облысындағы бес орман шаруашылығында, Астана маңындағы екі қорықта, сондай-ақ Қарқаралы, Баянауыл, Іле-Алатау, Сайрам-Өгем және «Көлсай көлдері» ұлттық парктерінде жұмыстар жүріп жатыр. Қыркүйек айында Қазақстанның өрт қаупі жоғары 24 табиғи паркі мен қорығы толық қамтылады деп жоспарланған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз орман қорын қорғаудың жаңа стандарттарын енгізіп жатырмыз. Президент айқындаған негізгі бағыттардың бірі – цифрландыру болды. Былтыр резерватта 510 мың гектар аумақты қамтитын 37 заманауи камерасы бар өртті ерте анықтау жүйесі енгізілді. Бірақ технологияны тікелей патрульдеумен толықтыру керегін ұмытпау керек. Сондықтан орман күзетінің жұмысы өрт қаупі жоғары кезеңде тұрақты жүргізіліп, барлық қауіпті аймақты қамтуы тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр жұмысты жеделдетіп, цифрлық технологияларды сапалы енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Related

Бектенов «Семей орманына» барды: жасанды интеллект өртті қалай тоқтатады? · Todayinfo