Алматыдағы Burger King тез тамақтану желісінің айналасында үлкен дау туындады. Жергілікті тұрғын компанияның жаңа басшылығы аутизм диагнозы бар ұлын жұмыстан кетуге мәжбүрледі деп айыптады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік кәсіпкер Жанат Қаратайдың айтуынша, оның 27 жастағы ұлы Әлібек осы желіде төрт жыл бойы адал еңбек еткен. Ол өз жұмысын жақсы көріп, ұжымның бір бөлігіне айналған. Алайда, компанияға Ресейден келген Сергей есімді жаңа аймақтық басшы тағайындалғаннан кейін бәрі өзгерген.
Анасының сөзінше, жаңа басшы келген соң ұлына «үнсіз қысым» басталған. Күзден бері Әлібектің мінезі өзгеріп, тұйықталып, мазасыз күйге түскен. Жанат Қаратай жаңа басшымен жеке сөйлескенін, бірақ оның инклюзивті қоғам туралы еш түсінігі жоқ екенін айтады.
"Онымен жеке сөйлесу — нағыз сұмдық болды. Роботпен сөйлескендей күй кештім. Оның елімізге жақында ғана келгені, инклюзивті қоғам туралы еш түсінігі жоқ екені белгілі болды. Ол аутизмі бар адамдардың бәрімен тең дәрежеде жұмыс істей алатыны туралы естімеген де. Бұл — масқара", — деді Жанат Қаратай.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырған соң, Burger King Kazakhstan ресми мәлімдеме жасады. Компания болған жайтқа өкініш білдіріп, ішкі тексеріс басталғанын хабарлады. Сондай-ақ, олар Әлібектің жұмыстан шығарылмағанын алға тартты.
"Біз мейрамханамыздың қызметкеріне қатысты жазбамен таныстық. Ең алдымен, бұл жағдайдың отбасының ашу-ызасын тудырғанына шын жүректен өкінеміз. Біз үшін әрбір қызметкердің құрмет пен қолдауды сезінуі және қауіпсіз ортада жұмыс істеуі маңызды. Burger King Kazakhstan тең мүмкіндіктер мен инклюзивтілік қағидаттарын ұстанады", — деп жазылған компанияның ресми жауабында.
Алайда, компанияның бұл жауабы көпшіліктің көңілінен шықпады. Қазір әлеуметтік желі қолданушылары компания туралы жағымсыз пікірлер жазып, бұл желіге бойкот жариялауға шақырып жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден




