Todayinfo.kz
NewsView all articles

Дәрігерлер кінәлі ме? Шымкентте босануға санаулы күн қалғанда сәби шетінеп кетті

Шымкентте қайғылы жағдай тіркелді: босануға санаулы күндер қалғанда жас ана құрсағындағы сәбиінен айырылып қалды. Зардап шеккен отбасы бұған дәрігерлерді тікелей кінәлап отыр. Олардың айтуынша, егер мамандар уақыт оздырмай кесар тілігін жасағанда, нәрестені аман алып қалуға болар

By Мейіржан Әуелханұлы··2 min read
Дәрігерлер кінәлі ме? Шымкентте босануға санаулы күн қалғанда сәби шетінеп кетті

Шымкентте қайғылы жағдай тіркелді: босануға санаулы күндер қалғанда жас ана құрсағындағы сәбиінен айырылып қалды. Зардап шеккен отбасы бұған дәрігерлерді тікелей кінәлап отыр. Олардың айтуынша, егер мамандар уақыт оздырмай кесар тілігін жасағанда, нәрестені аман алып қалуға болар еді.

Қалалық №2 ауруханада болған оқиғаның мән-жайы енді ашылуда. Зардап шегуші Назерке Пірімбетова перзентханаға алдын ала жатқызылған. Туыстарының сөзінше, ол бір айдан астам уақыт дәрігерлердің бақылауында болған.

30 жастағы келіншек өзін нашар сезініп, жағдайының күн санап нашарлап бара жатқанын айтып, бірнеше рет көмек сұраған. Алайда, жақындарының айтуынша, ақ халаттылар нақты шара қолданудың орнына, тек "шыда" деумен шектелген. Нәтижесінде, ата-ана көптен күткен перзентін құшағына ала алмай қалды.

"Жұбайымды 5-6 рет тексерді, КТ нәтижесі нашар шықты. Түндері мазасыз өтті. Біз мұны дәрігерлерге айттық, бірақ олар дұрыс қарамады. Соның кесірінен баламнан айырылдым", – дейді күйінген әке Абай Бердібек.

"Істі жылы жауып қойғысы келді ме?"

Қайғылы оқиғадан кейін дәрігерлер мардымды жауап бере алмаған көрінеді. Тіпті, туыстарының айтуынша, олар жауапкершіліктен қашып, кінәні "бала жетілмеген" деп ақталуға тырысқан. Сондай-ақ, медицина қызметкерлері зардап шегушіге журналистермен сөйлеспеуді өтініп, палатадан шығармаған деген де ақпарат бар.

Назерке Пірімбетованың ағасы Асанәлі жағдайдың тіпті ушыққанын айтады: "Мен палатаға кіргенімде, онда бас дәрігердің міндетін атқарушы, акушерлер, медбикелер және тергеуші жүрді. Олар қарындасымды сәбиді мәйітханаға бермеуге үгіттеп жатты. "Ол жақта денені кескілейді" деп қорқытып, сараптама жасатпай, істі жылы жауып қойғысы келген сияқты".

Қазіргі таңда аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция дәрігерлердің іс-әрекетіне құқықтық баға бермек. Сәбидің денесі, плацента және кіндік бауы сараптамаға жіберілді. Тек сараптама қорытындысы ғана нәрестенің неден шетінегенін нақты анықтай алады.

Ресми тарап не дейді?

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы жағдайға қатысты өз нұсқасын ұсынды. Олардың мәліметінше, ота жасау жоспарда болған.

"Кесар тілігі осы аптаға жоспарланған еді. Себебі ұрықтың өкпесі жетілуі үшін дайындық жүргізу қажет болды. Алайда плацента мен оның қантамырларындағы ақауларға байланысты декомпенсация орын алып, 3 желтоқсаннан 4-іне қараған түні ұрық антенатальды түрде шетінеп кетті", – деп түсіндірді басқарма бөлімінің басшысы Инна Глазебная.

Қазіргі уақытта перзентханада бақылау күшейтілген. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы тексеру жүргізіп жатыр.

https://youtu.be/Poye_F5jFEM

Related

Дәрігерлер кінәлі ме? Шымкентте босануға санаулы күн қалғанда сәби шетінеп кетті · Todayinfo