Дәулетті қазақстандықтар банк депозитінен бас тартып жатыр. Қаржыгер Саида Тілеуленова капиталды сақтап, көбейтудің жаңа тиімді жолдарын атады.
Қазақстанның дәулетті азаматтары ақшасын банк депозитінен тыс сақтаудың балама жолдарын белсенді іздеп жатыр. Соңғы бір жылда банкке салынбаған капитал үлесі 30%-дан 40–45%-ға дейін өскен. Сарапшылардың бағалауынша, қазір банк жүйесінен тыс шамамен 10–12 трлн теңге жеке капитал болуы мүмкін, деп хабарлайды
Todayinfo ақпарат агенттігі.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова орта және жоғары тап өкілдерінің қаржысын қайда салып жатқанын түсіндірді.
"Қазір теңгедегі депозиттердің орташа мөлшерлемесі 13–15% шамасында. Бұл өте жоғары табыс сияқты көрінгенімен, жылдық 8-9% деңгейіндегі инфляцияны ескерсек, нақты кіріс небәрі 4–6%-ға дейін төмендейді", - дейді маман.
Сол себепті инвесторлар қаржысын әртараптандыруға көшкен. Қаржы кеңесшілерінің мәліметінше, дәулетті қазақстандықтардың капитал құрылымы қазір мынадай:
- Облигациялар (30–40%)
- Жылжымайтын мүлік (25–35%)
- Акциялар және ETF (25–35%)
- Баламалы инвестициялар (10–15%)
Мемлекеттік және квазимемлекеттік облигациялардың жылдық табыстылығы теңгемен 12–14%, ал корпоративтік облигациялардікі 14–18% аралығында. Бұл оларды тәуекел деңгейі бірдей болғанымен, депозиттен әлдеқайда тартымды етеді.
Сонымен қатар қор нарығына деген қызығушылық артып келеді. Ірі компаниялардың акциялары мен ETF (акциялар мен облигациялар жиынтығын біріктіретін биржалық қор) сұранысқа ие. Мұндай инвестициялардың орташа дивидендтік кірісі, акция құнының өсімін есепке алмағанда, валютамен 6-9% құрайды. Ал акция құнының өсу әлеуетін қоса есептегенде, жылдық табыстылық 10-12%-ға жетуі мүмкін.
Жылжымайтын мүлік капитал құрылымында маңызды орын алады, бірақ оған деген көзқарас өзгерген. Бұрынғыдай тез ақша табу құралы емес, капиталды сақтау тетігіне айналды. Бүгінде Қазақстанның ірі қалаларында тұрғын үйді жалға берудің жылдық кірісі орта есеппен 5–7%, ал коммерциялық нысандардікі 8–10% шамасында.
Баламалы инвестицияларға да қызығушылық жоғары. Оған жеке бизнеске, инфрақұрылымдық жобаларға және венчурлық мәмілелерге (стартаптарға) ақша салу жатады. Бұл саладағы табыстылық 15–40% аралығында болғанымен, тәуекелі өте жоғары.
"Бүгінгі қазақстандық инвесторды сауатты әртараптандыру ерекшелейді. Эмоция аз, есеп көп. Олардың басты мақсаты – кез келген жолмен ақша табу емес, капиталды ұзақ мерзімде сақтап, еселеу", - деп қорытындылады Саида Тілеуленова.
Фото: ЖИ