Алматы қаласындағы жаппай төбелес соңы қайғылы жағдаймен аяқталды: екі жасөспірім алған жарақаттарынан қайтыс болды. Бұл туралы kozachkovoffsideTelegram-арнасы хабарлайды.

Ауыр халдегі жасөспірімдер ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оларды аман алып қала алмады.

Оқиғаның мән-жайы

Қайтыс болған балалардың бірінің анасы Әйгерім Тәуекелованың айтуынша, қайғылы оқиға қаланың Алатау ауданындағы компьютерлік клубтардың бірінде болған. Оның ұлын досы Есім «біреулермен сөзге келіп қалдым, көмек керек» деп шақырған.

«Ол жерде 10-ға жуық бала болған. Төбелес басталып, біреуі Есімнің жүрегіне пышақ сұғып алған. Ұлым мұны көріп, ашумен соңынан қуған кезде оны да пышақтап кеткен», — дейді Әйгерім көз жасына ерік беріп.

Полицияның ресми мәлімдемесі

Қазіргі уақытта полиция адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Дене жарақатын салған тұлғалар анықталып, қамауға алынды. Төбелеске қатысқан басқа да адамдардың іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады. Алматы полициясы ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын ескертті.