Әйел құқығын қорғаушы, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Черногорияда өзінің Қазақстанға экстрадициялануына қатысты сот отырысы қарсаңында мәлімдеме жасады,деп хабарлайды Todayinfo.
Оның айтуынша, бұл – саяси сипаттағы іс, ал Қазақстанда оған әділдік пен қауіпсіздікке кепіл жоқ.
«Мені 44 еуро үшін қудалап отыр»
Белсенді екі аптадан бері ауыр күйзелісте екенін жазып, алайда сотта өзін ақтауға тырыспайтынын мәлім етті:
«Мен сотқа өзімнің қылмыскер еместігімді дәлелдемеймін. Өйткені бәрі істің қолдан жасалғанын біледі. Адвокатым алғаш танысқанда таңғалып: “Сізге 44 еуро үшін қылмыстық іс қозғалғанын білесіз бе?” – деп сұрады».
Дина Қазақстандағы коррупция, заңсыздық, саяси қысым жайында сөз қозғап, елдегі құқық қорғау органдары мен сот жүйесін құқықты емес, бұйрықты орындайтын құрылым деп сипаттады.
«Менің елімде әйелдердің құқығы жоқ»
Белсенді Қазақстандағы әйелдердің жағдайына назар аударып, елде:
-
зорлық-зомбылық көрген әйелдердің қорғалмайтынын,
-
жүкті әйелдерді түрмеге қамайтынын,
-
балалар мен әйелдерді қорғаған белсенділердің қуғындалатынын,
-
журналистер, блогерлер, құқық қорғаушылардың жиі тұтқындалатынын,
-
қылмыстық істердің көпшілігі қолдан жасалатынын айтып өтті.
«Қазақстанда әйелдер Ауғанстандағы әйелдерден артық өмір сүріп жатқан жоқ. Айырмашылығы – әлем Ауғанстандағы әйелдердің тағдырына алаңдайды, ал Қазақстандағы әйелдердің дауысы естілмейді», – деп мәлімдеді ол.
«Мен саяси босқын мәртебесін сұрадым»
Дина Таңсәрі Қазақстан экстрадиция туралы ресми сұраныс жасамай тұрып, Черногория билігінен саяси босқын мәртебесін сұраған. Ол өзіне қарсы қозғалған істің негізсіз және асығыс қозғалғанын, оған бір адамның доносы себеп болғанын айтып отыр.
«Черногорияда менің ісімді қараған судья бұл істі саяси қудалау деп таныған. Енді менің үмітім – халықаралық нормалар мен адам құқықтарын мойындайтын әділ сотта», – деді белсенді.




