Todayinfo.kz
NewsView all articles

Электр желілерінің 75%-ы тозған: Хайрушев тарифті өсірмеуді талап етті

Батыс Қазақстанда электр желілерінің 75%-ы тозып тұр. Энергетика министрлігінің өкілі жаңғырту жұмыстары кезінде тарифті өсірмеуді талап етті.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Электр желілерінің 75%-ы тозған: Хайрушев тарифті өсірмеуді талап етті

Батыс Қазақстан облысында электр желілерінің 75 пайыздан астамы тозып тұр, алайда ауқымды жаңғырту жұмыстары кезінде халық үшін тарифті көтеруге жол берілмеуі тиіс, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Бұл мәселе Энергетика министрлігі жанындағы Отын-энергетикалық кешен мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Жақып Хайрушевтің өңірге жұмыс сапары кезінде көтерілді. Облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің төрағалығымен өткен жиында өңірдің энергетикалық әлеуетін дамыту жайы талқыланды.

Ресми мәлімет бойынша, облыстағы электр желілерінің орташа тозу деңгейі 75,43 пайызға жеткен. Соңғы үш жылда бұл саланы жаңғыртуға 13 млрд теңге жұмсалып, 12 жоба іске асырылған. Нәтижесінде апаттық ажыратулар саны 350 жағдайға дейін азайған. Тек былтырдың өзінде 1 023 шақырым әуе желісі жөнделіп, 22 қосалқы станция жаңартылды.

Билік жыл соңына дейін тозу көрсеткішін 70 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, 2025-2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 8 ауданның 41 елді мекенінде желілер толықтай жаңартылмақ.

"Коммуналдық қызметтерді цифрландырудың маңызы зор. Ең бастысы, жаңғырту жұмыстары кезеңінде тарифтердің өсуіне жол бермеу қажет. Отырыста көтерілген барлық мәселе бойынша өз құзыретім шегінде жұмыстанамын", - деп атап өтті Жақып Хайрушев.

Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Related

Электр желілерінің 75%-ы тозған: Хайрушев тарифті өсірмеуді талап етті · Todayinfo