Калифорния университетінің ғалымдары 518 миллион жыл бұрын Кембрий кезеңінде мұхит түбін мекендеген жыртқыш құрттың жаңа түрін анықтады. Бұл тіршілік иесіне атақты «Дюна» шығармасындағы алып құм құрттарының құрметіне Shaihuludia shurikeni деген атау берілді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Ғалымдар оның тасқа айналған қалдықтарын АҚШ-тың Юта штатындағы Спенс-Шейл формациясынан тапты.
Зерттеу авторларының бірі, палеонтолог Филипп Готьенің айтуынша, бұл құрттар – Жер бетіндегі алғашқы жыртқыштардың бірі.
«Олар қазіргі боббит құрттары секілді інге тығылып, жемтігін аңдып жатқан», – дейді ғалым.
Бұл құрттың ұзындығы 7-8 сантиметрге дейін жеткен. Оның басты ерекшелігі – денесіндегі жұлдыз тәрізді қылшықтары. Дәл осы қылшықтар ниндзялардың лақтыратын қаруы – сюрикенге ұқсағандықтан, құрттың атауына «shurikeni» сөзі қосылған.
Бұл жаңалық жануарлардың ерте кезеңдегі эволюциясын және тіршілік үшін күрес стратегиясы ретінде жыртқыштықтың қалай дамығанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.




