Ғалым Досай Кенжетай Конституциядағы жаңа нормаларды сынға алды. Оның айтуынша, бұл елдің біртұтастығы мен сот жүйесіне қауіп төндіреді.
Белгілі ғалым Досай Кенжетай Конституцияға енгізілуі ұсынылған жаңа нормаларға қатаң сын айтып, оның унитарлық мемлекет қағидаларына қайшы келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды
Todayinfo ақпарат агенттігі.
Ғалым Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Әзімоваға арнаған үндеуінде «жекелеген өңірлердің экономикасын қарқынды дамыту» мақсатында арнаулы құқықтық режим енгізу туралы нормаға тоқталды. Оның айтуынша, бұл ұсыныс Қазақстанның барлық аймағының құқықтық теңдігі қағидасынан ауытқуға жол ашады.
"Менің ойымша, мұнда унитарлық мемлекеттің аймақтық теңдігі қағидасына қайшы түсініктер бар. Ұсынылып отырған нормада “жекелеген өңірлер” ұғымының қолданылуы асимметриялық құқықтық режимдерге жол ашады. Бұл унитарлық мемлекеттің мазмұндық белгілеріне қайшы келеді", - дейді Досай Кенжетай.
Сарапшының пікірінше, ең басты қауіп – сот жүйесінің біртұтастығын бұзу. Ұсынылған нормада арнайы құқықтық режимдердің «сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін» қарастыруы мүмкін екені көрсетілген.
"Бұл сот жүйесінің бірлігі қағидасына, азаматтардың заң мен сот алдындағы теңдігіне тікелей қайшы. Унитарлық мемлекет жағдайында біртұтас сот жүйесі болуы тиіс. Экономикалық мақсаттар сот төрелігінің ұйымдастырылуына әсер ете алмайды", - деп атап өтті ғалым.
Сонымен қатар Кенжетай Конституция мәтінінде «белгіленуі мүмкін», «көздеуі мүмкін» сияқты екіұшты тіркестердің қолданылуын сынға алды. Оның айтуынша, Негізгі заңның нормалары нақты, императивті және міндетті сипатта болуы керек.
"Конституция ықтималдыққа емес, міндеттеп орындатуға сүйенеді. “Мүмкін” сияқты сөздер жауапкершілікті жояды, билікке кең еркіндік береді. Нәтижеде, атқарушы билік “қаласа істейді”, “қаламаса — Конституцияға жауып бас тартады”, - деп түсіндірді ол.
Ғалым мұндай өзгерістердің қауіпті конституциялық прецедент қалыптастыратынын, кейіннен «құқықтық кеңістіктің бөлшектенуіне» әкелетінін ескертті. Ол арнайы экономикалық режимдерді Конституциямен емес, қарапайым заңдармен реттеуді ұсынды.
Фото: Әлеуметтік желіден