Todayinfo.kz
NewsView all articles

«Харамы жоқ елге қоныс аударып кетіңдер»: депутат Ермұрат Бапи дүмше діндарларға қылмыстық жауапкершілік сұрады

Мәжіліс отырсында депутат Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, елде көбейіп кеткен псевдодіни уағызшыларға қатысты жазаны қатаңдатуды ұсынды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде таралып жатқан теріс діни насихат қоғамдық тұрақтылыққа, ұлттық құндылықт

By Айғаным Нариманова··1 min read
«Харамы жоқ елге қоныс аударып кетіңдер»: депутат Ермұрат Бапи дүмше діндарларға қылмыстық жауапкершілік сұрады
Мәжіліс отырсында депутат Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, елде көбейіп кеткен псевдодіни уағызшыларға қатысты жазаны қатаңдатуды ұсынды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде таралып жатқан теріс діни насихат қоғамдық тұрақтылыққа, ұлттық құндылықтарға және жастардың санасына қауіп төндіреді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Депутаттың пікірінше, өзін "имам" немесе "діни авторитет" ретінде көрсететін кейбір тұлғалар интернет кеңістігінде заңға қайшы және моральға жат пікірлер таратып, қоғамда алауыздық тудырады.
"Турасын қаймықпай айтқанда, дүмше догманы тықпалаған бұл қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп, мемлекетіміз бен қоғамның тағанын теңселтуде. Соңғы аптада біз бірер осындай даңғаза дабыраның куәсі болдық. Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір “имам-сымақ” үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқанын” жайбарақат жария етті. Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қаса-қана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек!" – деді Ермұрат Бапи.
Мәжіліс депутатының сөзінше, адам түгілі, хайуанға жанашырлық танытуды дәріптейтін дін өкілі өз әйелін хайуаннан бетер етіп, ашық сыйға беруі – қоғамдық жазғыруға пара-пар қылмыс саналуы тиіс. Сонымен қатар ол мұндай мазмұнды көпшілікке таратқан журналист Жанар Байсемізова кәсіби этиканы сақтамағанын айтып, медиа өкілдерін ұлттық құндылықтарға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
"Ал мұны бүкіл елге дәріптеген подкаст иесі журналист қарындасым Жанар Байсемізова ең құрығанда журналисттік этиканы, кәсіби салиқалықты сақтамауы – нағыз хайп қуу, ақырында оның өзі әкімшілік жазаға тартылды. Осы орайда ұлттық мәселені популизм жолында құрбан етуге құштар журналист әріптестер мен масс-медианың басқа да өкілдерін кәсіби, адами және азаматтық ұстанымға берік болуға шақырманын! Әрбір редакция мен журналистің есінде  болсын: мыңжылдық ұлттық мұраттарқа қастық жасауға,  кісіби сананың іріп-шіруіне жол берілмеуі тиіс. Мұндай сандырақтарға жол беру – заңға өрескел қайшы әрекет деп саналуы керек!" - деді депутат.
Ол екінші бір керанау көрініс – Наурыз мерекесі ислам дініне жат мейрам деп жаниялаған сақалы бар мұрты жоқ біреудің видео-былжырағы деп айтты.
"Әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бұл дақпырт табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі. Тақуаның ел ішіне тарап бара жатқан түрпі тілімен айтқанда: Иншаллах, қоғамды шулатқан қос қиқушы әкімшілік жазаға тартылып, оларға айып салынды!" – деді Ермұрат Бапи.

Related

«Харамы жоқ елге қоныс аударып кетіңдер»: депутат Ермұрат Бапи дүмше діндарларға қылмыстық жауапкершілік сұрады · Todayinfo