Todayinfo.kz
NewsView all articles

Империядан қалған мұра: сарапшы Қазақстанның басты мәселесін атады

Саясаттанушы Дулат Бәкішев империялардың тарихи мұрасын талдады. Ол Орта Азия елдерінің жақсы өмір сүруі үшін не істеу керегін айтты.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Империядан қалған мұра: сарапшы Қазақстанның басты мәселесін атады

Белгілі саясаттанушы Дулат Бәкішев империялардың тарихта қалдыратын мұрасы мен оның Орта Азия елдеріне әсері туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, әртүрлі империялардың саясаты әртүрлі болған, бұл олардың бұрынғы колонияларының дамуына тікелей ықпал еткен, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Сарапшы Испан және Британ империяларын салыстыра отырып, олардың басқару жүйесіндегі айырмашылықтарды көрсетті. Мысалы, Испания жаулап алған жерлерінен тек алтын мен күміс сияқты қазба байлықтарды тасып, артында тіл мен дінді ғана қалдырған.

Ал Британ империясы жергілікті халықты қанағанымен, өз мүддесі үшін барған жерінде әділ заң, сот жүйесі, сауда мен өнеркәсіпке негізделген институттар құрған. Бұл жүйенің арқасында кезінде 13 колония болған аумақ қазіргі АҚШ-қа айналды.

Бәкішев Орта Азияға Ресей империясынан мүлде басқа мұра қалғанын атап өтті.

"Бізге империядан сауда, өнеркәсіп, әділ заң мен әділ сот органдары қалмады. Білім де сапасыздау болды. Империяның өзінде болмағасын... Орта Азиядағы бізде елді, қоғамдық қатынастарды ЗАҢ билегенде ғана халық жақсы өмір сүретін болады", - деп жазды саясаттанушы.

Оның сөзінше, бұл институттарды енді Орта Азия халықтары өздері құруы тиіс.

"Осындай жүйе мен институттарды болашақта біздің халықтар өз басы, өз қолы, өз жүрегімен құратын болады", - деп түйіндеді Дулат Бәкішев.

Фото: Әлеуметтік желіден

Related