Ақтауда «Хан Тамада» лақап атымен танымал шоумен Қасым Өтешев 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты оны қорғау нұсқамасының талаптарын бұзды деп таныды, деп хабарлайды Todayinfo.kz сайты.
Сот материалдарына сәйкес, ағымдағы жылдың 13 мамырында полиция Өтешевке қатысты 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасын шығарған. Бұл құжат бойынша оған азаматтық некедегі жұбайымен кездесуге, телефон соғуға және кез келген тәсілмен байланыс орнатуға тыйым салынған.
Алайда 21 мамыр күні шоумен аталған шектеуді бұзып, жұбайымен тұрмыстық жанжал шығарған. Жәбірленушінің айтуынша, Өтешев оған құрбысының көзінше дөрекі сөздер айтып, абыройына нұқсан келтірген. Сот отырысында бұл жайтты куәгер де растады.
Сотта Қасым Өтешев өзіне тағылған айыпты мойындамады. Дегенмен, сот жәбірленушінің арызын, хаттамалар мен куәгер айғақтарын негізге ала отырып, оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 461-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Сот қаулысы 2 маусымда заңды күшіне енді, ал қамау мерзімі 22 мамырдан бастап есептеледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде осы жұптың қатысуымен түсірілген интимдік сипаттағы бейнежазба тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.




