Todayinfo.kz
NewsView all articles

Ирандағы дағдарыс: Қазақстан 700 млн доллар саудадан қалай айырылуы мүмкін?

Ирандағы жағдайдың ушығуы Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Сарапшы сауда, логистика және Каспийдегі мүдделерге төнетін қауіптерді атады.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Ирандағы дағдарыс: Қазақстан 700 млн доллар саудадан қалай айырылуы мүмкін?

Иран төңірегіндегі жағдай ушыққан сайын, Қазақстанның саяси сахнада сабырлы позиция ұстануының себептері айқындала түсті. Халықаралық қатынастар саласындағы сарапшы Меруерт Шәкірова бұл ұстанымның астарында қандай прагматикалық мүдделер жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанның бұл мәселеде ұстамды болуының бірнеше негізгі себебі бар.

"Астана дипломатиялық диалогты сақтауға мүдделі. Біріншіден, Иран – біздің аймақтағы маңызды сауда серіктесіміз. Екіжақты сауда көлемі соңғы жылдары 300-500 млн доллар шамасында. Ал саяси және логистикалық жағдай қолайлы болса, тауар айналымын 600-700 млн долларға дейін арттыруға әлеует бар", - дейді Меруерт Шәкірова.

Қазақстан Иранға негізінен астық, ұн сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін, сондай-ақ металлургия және мұнай-химия тауарларын экспорттайды. Ирандағы кез келген ішкі немесе сыртқы саяси тұрақсыздық қазақстандық экспорттаушылар мен логистикалық тізбектерге үлкен қауіп төндіреді.

Екіншіден, Иран Ресейді, Қазақстанды, Үндістанды және Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінде стратегиялық рөл атқарады. Бұл дәліз Қазақстан үшін сыртқы сауда бағыттарын әртараптандыру және Ресей мен Еуропа арқылы өтетін дәстүрлі жолдарға тәуелділікті азайту үшін аса маңызды.

Үшіншіден, Иран – Каспий бассейніндегі бес елдің бірі. Қазақстан үшін Каспий теңізі – негізгі экономикалық мүдделер аймағы. Еліміздің мұнай экспортының 70%-ға жуығы Каспий бағыттары арқылы өтсе, Каспий құбыр консорциумы қазақстандық мұнайдың 80%-ын әлемдік нарыққа жеткізеді.

Сонымен қатар, сарапшы Иранның аймақтық қауіпсіздіктегі рөлін ерекше атап өтті.

"Иранның Ормуз бұғазын бақылауы – жаһандық маңызға ие фактор. Әлемдік мұнай саудасының 20%-ға жуығы осы бұғаз арқылы өтеді. Сондықтан бұл аймақтағы кез келген шиеленіс жаһандық қатерге айналады", - деп ескертті сарапшы.

Қазақстан экономикасы сыртқы нарықтарға тікелей тәуелді: экспорт еліміздің жалпы ішкі өнімінің шамамен 35-40%-ын құрайды. Сондықтан негізгі транзиттік және энергетикалық аймақтардың тұрақтылығы – еліміздің экономикалық орнықтылығының басты шарты.

Фото: Әлеуметтік желіден

Related

Ирандағы дағдарыс: Қазақстан 700 млн доллар саудадан қалай айырылуы мүмкін? · Todayinfo