Ирандағы радикал билік құламайды: сарапшы үш сценарийді атады
Шығыстанушы сарапшы Жанат Момынқұлов Ирандағы қазіргі жағдайды елде бұрыннан жинақталған әлеуметтік-экономикалық және саяси дағдарыстың логикалық жалғасы ретінде бағалайды. Оның айтуынша, санкция қысымындағы Иран 2009, 2019 және 2022 жылдары ірі толқуларды бастан өткерген, ал 202

Шығыстанушы сарапшы Жанат Момынқұлов Ирандағы қазіргі жағдайды елде бұрыннан жинақталған әлеуметтік-экономикалық және саяси дағдарыстың логикалық жалғасы ретінде бағалайды. Оның айтуынша, санкция қысымындағы Иран 2009, 2019 және 2022 жылдары ірі толқуларды бастан өткерген, ал 2026 жылғы жағдай сол үрдістің тереңдей түскенін көрсетеді.
Сарапшы Таяу Шығыста Израиль мен АҚШ-тың соңғы жылдардағы әскери-саяси әрекеттері Иранның аймақтағы ықпалы мен қарсыласу қабілетіне елеулі соққы болғанын атап өтті. Бұрынғы наразылықтарда негізінен әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар белсенділік танытса, қазіргі шиеленістерге саудагерлер, жастар және орта тап өкілдері қосылып отыр. Бұл қоғамдағы наразылықтың әлеуметтік құрылымы өзгергенін аңғартады.
Жанат Момынқұловтың пікірінше, геосаяси қысымнан басталған экономикалық дағдарыс біртіндеп ішкі саяси дағдарысқа ұласқан. Теократиялық басқару жүйесінің батыс елдерімен және жаһандық тәртіппен ымыраға келе алмауы басқару ресурстарының әлсіреуіне алып келген. Сарапшы Иранның ұзақ жылдар бойы қымбат әрі тиімсіз аймақтық саясат жүргізгенін, ал араб елдерінің едәуір бөлігі оны стратегиялық қарсылас ретінде қабылдайтынын айтады.
Иран қоғамындағы наразылық тек демократиялық талаптармен шектелмейді. Халық елдің даму әлеуетіне қарамастан экономикалық құлдырауға, халықаралық оқшаулануға және басқару жүйесінің тиімсіздігіне қарсы шығып отыр. Соңғы айларда Израиль мен АҚШ тарапынан көрсетілген жанама қысым, Иранның прокси құрылымдарының әлсіреуі және ақпараттық ықпалдың күшеюі ішкі толқулардың жалғасуына әсер еткен.
Сарапшы интернеттің өшірілуі мен күш қолдануды биліктің дағдарысты басқаруда радикалды әдістерге жүгінгенінің белгісі деп санайды. Оның айтуынша, ақпараттық оқшаулау арқылы наразылықтың ауқымын жасыру және ереуілшілерді «шетел агенттері» ретінде көрсету – режим қолданатын дәстүрлі тәсілдер.
Жанат Момынқұлов қауіпсіздік құрылымдары билік жағында тұрған жағдайда режимнің қысқа мерзімде құлауы екіталай екенін айтады. Алайда, күш қолдану наразылықты уақытша басқанымен, дағдарыстың түпкі себептерін жоя алмайды. Осыған байланысты шиеленіс белгілі бір уақыттан кейін қайта ушығуы мүмкін.
АҚШ-тың ұстанымына тоқталған сарапшы Вашингтонның Ирандағы жағдайға тікелей әскери араласу ықтималдығын төмен деп бағалайды. Оның пікірінше, Дональд Трамптың соңғы мәлімдемелері негізінен саяси және психологиялық қысым құралы. АҚШ әскери операциядан гөрі санкциялар, дипломатиялық оқшаулау және ақпараттық ықпал арқылы әрекет етуді жөн көреді. Толыққанды соғыс аймақ үшін де, АҚШ үшін де қауіпті сценарий ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар, сарапшы алдағы кезеңге бірнеше ықтимал сценарийді атап өтті. Бірінші сценарий бойынша билік күш қолдану арқылы наразылықты уақытша басып, режимді сақтап қалуға тырысады. Екінші сценарийде наразылықтың күшеюі мен элита ішіндегі ықтимал жіктеліс жағдайды күрделендіруі мүмкін. Ал ең ықтимал нұсқа ретінде сарапшы биліктің сыртқы қысым аясында шектеулі саяси-экономикалық жеңілдіктерге барып, реформалар уәде ету арқылы уақыт ұтуға тырысатынын айтады.
Жалпы алғанда, Жанат Момынқұлов Иранда саяси өзгерістерсіз елдің бұрынғы қалпында қала алмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, экономикалық құлдырау, жастар қысымының артуы және саяси сенімнің әлсіреуі алдағы уақытта жаңа наразылық толқындарының тууына негіз болуы мүмкін. Режим бірден құламаса да, Иран қоғамы түбегейлі өзгерістер кезеңіне жақындап қалғанын көрсетті.
Фото: CARLOS JASSO / AFP
Related

Өзгекті жазбалар
Прокуратура Ақбаян Мұқанғалиеваға жүргізілген психиатриялық сараптаманың қорытындысын жариялады
Айдар Керім·

Өзгекті жазбалар
Ыстық бұлақтың басына көмген: Шонжыда 29 жастағы жігітті өлтіріп кетті
Айдар Керім·

Өзгекті жазбалар
Шайдоровтың шырылы : министрлік жалақысыз қалған чемпион жайлы шындықты мойындады (ВИДЕО)
Айдар Керім·

Өзгекті жазбалар
Шырқыраған Шайдоров: Олимпиада чемпионы жарты жылдай жалақы алмаған
Айдар Керім·