Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Иранға қарсы соғыс пен Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Ведомство соңғы қайғылы оқиғаларға байланысты Иран халқына көңіл айтып, қақтығысқа қатысы жоқ араб мемлекеттерінің аумағына соққы жасалғанына өкініш білдірді.
"Соңғы қайғылы оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындардың, соның ішінде балалардың, сондай-ақ Ислам Республикасының жоғары басшылық өкілдерінің қаза табуына байланысты Иран халқына қайғырып көңіл айтамыз. Қазақстан достық қарым-қатынас орнатқан және Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын араб мемлекеттеріндегі азаматтық нысандарға жасалған соққыларға да өкініш білдіреміз", - делінген министрлік хабарламасында.
СІМ халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау қақтығыс кезінде азаматтық нысандар мен бейбіт халықты ерекше қорғауды талап ететінін еске салды. Сондай-ақ Қазақстанның осы саладағы жаһандық бастаманың негізін қалаушылардың бірі екенін және қарулы қақтығыстар жағдайында адамгершілікті сақтаудың маңызын ерекше атап өтетінін жеткізді.
"Біз халықаралық даулар мен қақтығыстарды тек саяси-дипломатиялық жолмен, халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтай отырып шешу қажеттігі туралы қағидатты ұстанымымыздың өзгермейтінін растаймыз", - деп нақтылады ведомство.
Министрлік өңірдегі зорлық-зомбылықтың одан әрі ушығуына жол бермеу үшін барлық тарапты барынша сабырлылық пен жауапкершілік танытуға шақырды.
Фото: Әлеуметтік желіден




