Todayinfo.kz
NewsView all articles

Корей рамені бедеулікке әкеле ме: дәрігер оның нақты қаупі неде екенін түсіндірді

Дәрігер раменнің бедеулікке тікелей дәлелі жоқ екенін айтты. Бірақ оны жиі жеу салмақ пен гормонға әсер етіп, тәуекелді арттыруы мүмкін.

By Мұхтар Жексенбай··3 min read
Корей рамені бедеулікке әкеле ме: дәрігер оның нақты қаупі неде екенін түсіндірді
Қазақстанда бала сүюде қиындық көретін жұптардың үлесі аз емес: ресми дерекке сенсек, әрбір алтыншы отбасы осы мәселемен бетпе-бет келеді. Жыл сайын шамамен 20 мың адамға бедеулік диагнозы қойылады, ал тіркелмей қалатын жағдайлар одан да көп болуы мүмкін. Бұл туралы Todayinfo порталы хабарлайды. Соңғы кезде әлеуметтік желіде «тез дайындалатын корей рамені бедеулікке әкеледі» деген пікір жиі айтылады. Эндокринолог Әсел Асаинова мұндай тұжырымды дәл қазір ғылыми тұрғыда кесіп айту дұрыс емес екенін жеткізді.

Рамен бедеулікке тікелей себеп пе?

Дәрігердің айтуынша, раменді немесе тез дайындалатын кеспені тікелей бедеулікке не қатерлі ісікке апарады дейтін нақты ғылыми қорытынды жоқ. Бұл бағытта зерттеулер жүріп жатыр, кейбір жұмыстарда белгілі бір байланыс байқалғанмен, бір ғана өнімнен диагноз «пайда болды» деу үшін адамның өмір салты, жалпы рационы, зиянды әдеттері, артық салмақ және генетика секілді факторларды қатар қарау қажет. Яғни мәселе бір қаптама кеспеде емес, оны қаншалықты жиі жейтініңізде және жалпы тамақтану әдетіңізде.

Неге рамен «қауіпті тағам» санатына жиі кіргізіледі?

Әсел Асаинова рамен ультра өңделген өнімдерге жататынын айтады. Ондай тағамдар тұрақты түрде рационға кірсе, ағзаға жанама түрде кері әсер беруі мүмкін. 1) Жоғары гликемиялық индекс. Рамен көбіне ақ ұннан жасалады. Бұл қанттың қанға тез түсуіне, инсулинге артық жүктеме түсуіне ықпал етуі мүмкін. 2) Тұз мөлшерінің көптігі. Бір раменнің өзінде тәуліктік тұз нормасы (шамамен 5 г) асып кететін жағдайлар кездеседі. Тұздың артықтығы қан қысымын көтеріп, жүрек-қан тамыр жүйесіне салмақ түсіреді. 3) Қуыру майлары мен қоспалар. Құрамында пальма майы, дәм күшейткіштер, ащы дәмдеуіштер, соустар болады. Олар асқазанның шырышты қабатын тітіркендіріп, бауырға және асқазан-ішек жолына қосымша жүк түсіруі ықтимал. Маманның сөзінше, дәл осы факторлар ұзақ мерзімде салмақтың артуына, бауыр қызметінің баяулауына, инсулинге төзімділікке соқтыруы мүмкін.

Бедеулікке «жанама жолмен» қалай әсер етуі мүмкін?

Раменнің басты тәуекелі – гормондық тепе-теңдікке жанама ықпал етуі. Инсулинге төзімділік күшейсе, артық салмақ жиналады. Ал артық салмақ гормондардың түзілуіне әсер етеді. Соның салдарынан әйелдерде етеккір циклы бұзылуы, ер адамдарда шәует сапасы төмендеуі мүмкін. Бұл – бір күнде болатын құбылыс емес, ұзақ уақыт бойы дұрыс емес тамақтанудың жиынтық нәтижесі. Дәрігер бауырдың рөліне де тоқталды: бауыр гормондардың түзілуіне қажет көптеген ақуыздардың өндірілуіне қатысады. Сондықтан бауырды үнемі «ауыр» тағаммен қажытудың жанама әсері болуы ықтимал.

Жасөспірімдерге неге ерекше қауіп бар?

Әсел Асаинованың айтуынша, жасөспірімдер үшін рамен, фри, чипсы, бургер секілді өнімдерді тұрақты тұтыну өте зиян. Себебі мұндай тағамдарда талшық аз, ал кальций, D дәрумені, сапалы ақуыз жеткіліксіз болады. Өсіп келе жатқан ағзада гормондық жүйе мен бұлшықет жүйесі қалыптасатын кезеңде ет, балық, жұмыртқа, көкөніс пен жасыл шөптер секілді пайдалы өнімдер негізгі орын алуы тиіс. Фастфуд оларды алмастыра алмайды.

Қаншалықты жиі жесе болады?

Мамандар раменді екі-үш айда бір рет жеудің айтарлықтай қауіп тудырмауы мүмкін екенін айтады. Ал оны күнделікті әдетке айналдыру семіздікке, гормондық бұзылыстарға, қан қысымының көтерілуіне және қант диабетінің қаупін арттыруы ықтимал. Дәрігер зиянын біле тұра мұндай өнімдерден мүмкіндігінше бас тартуды немесе тым сирек тұтынуды ұсынады.

Related

Корей рамені бедеулікке әкеле ме: дәрігер оның нақты қаупі неде екенін түсіндірді · Todayinfo