ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, Қазығұрт ауданындағы ірі жобалар мен әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Сапарға облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әшіров және аудан әкімі Азизхан Исмаилов қатысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Делегация алдымен Қақпақ ауылдық округіндегі мал бордақылау алаңына барып, құрылыс барысын көрді.
Жоба «Қарқын–2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы іске асырылып жатыр. Құны 4,1 млрд теңге деп жоспарланған өндіріс орны іске қосылса, 5 мың бас ірі қараны бордақылау мүмкіндігі ашылады. Жобада америкалық технология қолданылатыны айтылды. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде 30-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Өңірде өндірістік жобаларды көбейтіп, жұмыс орындарын ашу – аудан экономикасының тірегі. Бастысы, жоспарланған іс уақытында аяқталып, ауыл тұрғындарына нақты пайдасын беруі керек», – деген мазмұнда пікір білдірді сапарға қатысқан тараптар.
Одан кейін Темір Қырықбаев пен Нұралы Әбішов «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешеніндегі жаңарту жұмыстарымен танысты. Қазығұрттың символына айналған нысанның келбеті жаңарып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Кешен аумағында 51 метр биіктікте мемлекеттік ту қойылған.
Жоба аясында 1880 шаршы метр аумаққа газон төселіп, 29 жарық шамы орнатылған. Сонымен бірге 400 түп шырша көшеті егілген. Нұралы Әбішов кешенді жаңарту ауданға келетін қонақ санын арттырып, өңір туризмін жандандыруға ықпал ететінін айтты.
«Көрікті орындар тұрғындарға да, сырттан келетін қонақтарға да тартымды болуы қажет. Осындай нысандар ауданның танымалдығын көтереді», – деді облыстық мәслихат төрағасы.
Жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты «AMANAT» партиясының Қазығұрт аудандық филиалында азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың сұрақтары мен өтініштерін тыңдады. Сонымен қатар ардагерлер үйіне барып, қариялардың әлеуметтік мәселелері мен ұсыныстарын назарға алды.
Делегация Шұбарбұлақтағы спорт кешеніне де соғып, нысанның мүмкіндігімен танысты. Кешен ішінде күрес және бокс залдары, жаттығу құрылғылары бар зал, сондай-ақ жабық футбол манежі жұмыс істейді. Сыртқы аумақта баскетбол, волейбол, футбол, жеңіл атлетика алаңдары, көше жаттығуына арналған құрылғылар мен балалар ойын алаңшалары орналасқан.
Қазіргі кезде спорт кешеніне 300-ге жуық жасөспірім тұрақты қатысып, жүйелі түрде жаттығады. Жергілікті жұрт нысан ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа қызығушылығын арттыруға жол ашқанын айтады.
Фото: Әлеуметтік желіден




