Todayinfo.kz
NewsView all articles

Маңғыстауда аңшылықта 5 баланың әкесі оққа ұшты: туыстары тергеу созылды деп алаңдаулы

Маңғыстауда аңшылық кезінде 39 жастағы, бес баланың әкесі оққа ұшты. Туыстары тергеу созылып, қару әлі табылмағанын айтады.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Маңғыстауда аңшылықта 5 баланың әкесі оққа ұшты: туыстары тергеу созылды деп алаңдаулы

Маңғыстау облысында аңшылық кезінде 39 жастағы ер адам оққа ұшты. Марқұмның отбасы бұл жағдайды Threads желісінде жазып, тергеудің тым баяу жүріп жатқанын айтып алаңдаушылық білдірді.

Бұл туралы Todayinfo порталы хабарлайды.

Жақындарының айтуынша, оқиға аймақтың «Кендірлі» демалыс аймағы аумағында болған. Қаза тапқан – бес баланың әкесі, отбасының негізгі асыраушысы Аслан Кидірбаев.

Отбасының мәліметінше, оқиға болған сәтте оның жанында өзара туыс болып келетін үш аңшы жүрген.

Туыстарының айтуынша, із жасыруға әрекет жасалған

Марқұмның туыстары күдіктілер қылмыстың ізін жасыруға тырысқанын айтады. Олардың сөзінше, Аслан Кидірбаевтың үстіндегі жылы киімі (камуфляж) шешіліп, денесі теңіз суымен жуылған.

Сондай-ақ, туыстары мәйітті сол күні шамамен 23:30-ға дейін көлікпен тасымалдап, пикаптың жүк бөлігіне «жүк сияқты» тиеп жүргенін алға тартты. Кейін басқа амал қалмаған соң, денені Ақтаудағы №26 қалалық ауруханаға жеткізгені айтылды.

Қылмыстық істер қозғалды, қару табылмаған

Полиция мәліметінше, оқиға бойынша қасақана адам өлтіру және ауыр қылмысты жасыру белгілерімен қылмыстық істер тіркелген.

Күдіктілердің біреуі тергеу изоляторына қамалса, тағы екеуіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Жақындарын ерекше алаңдататыны – атылған мылтықтың тағдыры. Күдіктілердің нұсқасы бойынша, оқ атылған қару суға түсіп кетіп, әлі табылмаған. Отбасы бұған байланысты тергеу әрекеттері жеткілікті деңгейде жүрмей жатыр деп есептейді.

Туыстарының айтуынша, үйқамақтағы күдіктілер белгіленген шектеулерді сақтамай, қала ішінде еркін жүр. Сонымен қатар, қылмысқа бір айға жуық уақыт өтсе де, қаруды іздеу бойынша нақты шаралар ұйымдастырылмағанын жеткізді.

Ал Маңғыстау облыстық полиция департаменті тергеу жалғасып жатқанын ғана хабарлаған.

Related

Маңғыстауда аңшылықта 5 баланың әкесі оққа ұшты: туыстары тергеу созылды деп алаңдаулы · Todayinfo