Қызылорда облысында Конституциялық реформаларға арналған өңірлік актив отырысы өтті. Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықты бұл бастамаға жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасы Конституциялық реформаға негіз болғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазан айынан бері саяси партиялар, сарапшылар мен қарапайым азаматтардан Парламенттік реформаға қатысты көптеген ұсыныс жинақталған.
Нұрлыбек Нәлібаев Президенттің Ұлттық құрылтайдағы сөзіне тоқталып, жаңа реформалардың маңыздылығын түсіндірді.
"Жаңа Ата Заңның жобасындағы бірқатар баптар мен бөлімдердің мазмұны тұтас конституциялық моделді айтарлықтай жаңғыртуға, саяси-қоғамдық институттарды жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге негіз болады. Бұл – ел тарихындағы маңызды әрі тағдырлы қадам болмақ", – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ жиында Сенаторлар кеңесінің мүшелері Бекмырза Қайыпұлы мен Мұрат Бақтиярұлы, облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлы, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Жолкелдіұлы және Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Қуанышбайұлы да өз пікірлерін білдіріп, бастаманы қолдайтынын жеткізді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі




