Todayinfo.kz
NewsView all articles

«Өзіміздің бала» деген ресейліктерге Шайдоров жауап берді: «Бұл – құрметсіздік»

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров өзін "ресейлік спортшы" деп атаған шетелдік БАҚ-қа қатаң жауап берді. Ол мұны құрметсіздік деп санайды.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
«Өзіміздің бала» деген ресейліктерге Шайдоров жауап берді: «Бұл – құрметсіздік»

Миландағы Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы атанған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров кейбір шетелдік БАҚ-тың өзін "ресейлік спортшы" деп атауына қатысты нақты пікірін білдірді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Спортшының айтуынша, мұндай анықтама шындыққа жанаспайды және оның намысына тиеді.

Гран-при кезеңіндегі сәтті өнерінен және Миландағы Олимпиадада алтын медаль жеңіп алғаннан кейін бірқатар ресейлік және шетелдік басылымдар Шайдоровты "ресейлік" деп қате ақпарат таратқан болатын.

Бұл мәселеге қатысты спортшы бұған дейін "Sport+" телеарнасындағы "Тікелей әңгіме" бағдарламасында өз ұстанымын ашық айтқан еді.

"Мен Алматыда дүниеге келдім. Сол жерде өстім, қазір де сол қалада тұрамын. Уақытымның көп бөлігін Қазақстанда, өзімнің сүйікті қаламда өткіземін. Мәнерлеп сырғанауды "Рамстор" сауда орталығындағы мұз айдынында бастадым. Ол жерде Денис Тен секілді көптеген спортшы жаттыққан. Ресейде оқу-жаттығу жиындарына қатысып, белгілі бір уақыт болғаным рас. Бірақ соңғы кездері көбіне Алматыда жаттығып жүрмін. Мені ресейлік спортшы деп атау – маған деген құрметсіздік", - деді Шайдоров.

21 жастағы Михаил Шайдоров Миландағы Олимпиадада қысқа бағдарламадан соң бесінші орында тұрған. Алайда ол еркін бағдарламада мінсіз өнер көрсетіп, барлық қарсыласынан озып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.

Бұл – Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы Қысқы Олимпиада ойындарындағы екінші алтын жүлде. Алғашқы алтынды 1994 жылы Лиллехаммерде шаңғышы Владимир Смирнов иеленген еді.

Фото: Сали Сабиров / ҰОК

Related

«Өзіміздің бала» деген ресейліктерге Шайдоров жауап берді: «Бұл – құрметсіздік» · Todayinfo