Қазақстан Ресейдің Омбы, Астрахань қалалары мен Орынбор облысында аралас форматтағы үш мектеп салуды жоспарлап отыр. Оқу орындарында оқушылар қазақ және орыс тілдерін қатар меңгереді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстан Ресей аумағында үш мектеп салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей тарапы Қазақстанның Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында білім беру нысандарын салуды ұсынған. Өз кезегінде Қазақстан Орынбор облысында, Омбы қаласында және Астраханьда мектептер тұрғызу бастамасын көтерген.
Қазір жоба инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық мәселелерді келісу кезеңінде тұр.
"Орынбор облысында жер телімі алдын ала келісілген. Ал Омбы мен Астрахань бойынша жұмыс жалғасып жатыр", – деді Серік Жұманғарин.
Жұманғариннің сөзінше, ұлттық белгілер бойынша бөлінген жеке мектептер емес, аралас білім беру үлгісіндегі оқу орындары болады.
Оқу бағдарламасында қазақ және орыс тілдерін қатар меңгеру қарастырылған.
"Жоқ, барлық жерде аралас оқыту жүйесі болады. Онда да, мұнда да қазақ және орыс тілдері оқытылады. Оқушылар екі тілді де меңгереді", – деп атап өтті вице-премьер.
Жобаны жүзеге асыру мерзімі білім беру бағдарламалары мен оқыту әдістемелерін келісу жұмыстарының аяқталуына байланысты. Тиісті келісімдерге қол қойылғаннан кейін мектептердің құрылысы шамамен бір жылдан бір жарым жылға дейінгі мерзімде аяқталуы мүмкін.
"Келісімге қол қойылған соң мектепті бір жылда немесе ең көбі бір жарым жылда салып бітіреміз", – деді Серік Жұманғарин.




