Степногорск қаласындағы Отбасын қолдау орталығы тұрғындарға психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік бағытта кешенді көмек көрсетіп келеді. Мұнда тек әлеуметтік осал топтар ғана емес, кез келген азамат тегін кеңес алып, өмірлік қиындықтарды шешуге мүмкіндік алады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Қазіргі таңда қоғамдағы отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Осы міндеттерді жүзеге асыруда Степногорск қаласындағы Отбасын қолдау орталығы маңызды рөл атқаруда.
Орталық басшысы Салтанат Жетпісбаеваның айтуынша, мекеменің есігі көмекке мұқтаж әрбір тұрғын үшін ашық.
– Бізге тек әлеуметтік осал санаттағы азаматтар ғана емес, тұрмысы жақсы болғанымен, отбасылық мәселелерге байланысты психологиялық қолдауды қажет ететін адамдар да келеді. Көп жағдайда адамдарға тек заңгердің кеңесі емес, оларды тыңдайтын, дұрыс бағыт көрсететін маман қажет болады. Сондықтан біздің басты міндетіміз – әрбір отбасының мәселесіне бейжай қарамай, шешімін табуға көмектесу. Бүгінгі таңда көмекке мұқтаж жандар, әйелдер, балалар аз емес, – дейді Орталықтың жетекшісі.
Қаладағы барлық білім беру ұйымдарында мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтар отбасы мәселелерімен тұрақты жұмыс жүргізеді. Ал Отбасын қолдау орталығында тұрғындарға психолог пен заңгердің кеңесі тегін ұсынылады. Сонымен бірге «111» номерлі байланыс орталығымен бірлескен жұмыс жолға қойылып, арнайы сенім телефоны арқылы да азаматтарға қолдау көрсетіледі. Салтанат Оспанқызының зерттеуінше, заман жақсарса да қолдауға зәру азаматтар, түрғындар азайған емес.
Мыңнан астам адамға нақты көмек көрсетілді
2025 жылдың қорытындысы бойынша орталық мыңнан астам азаматқа кеңес беріп, түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпал еткен. Оның ішінде қарыз жүктемесі жоғары азаматтарға құқықтық қолдау көрсету бағытындағы жұмыс ерекше нәтиже берген.
Нәтижесінде 58 тұрғын заң талаптарына сәйкес банкрот деп танылып, қаржылық қиындықтан шығуға мүмкіндік алған. Осы бағыттағы еңбегі үшін орталық бұрынғы «Amanat» партиясының Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтің Алғыс хатына ие болды.
Әйелдердің жаңа өмір бастауына мүмкіндік беріледі
Отбасылардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі – «Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асырған «Табысты отбасы» пилоттық жобасы. Бағдарламаға қатысқан 15 әйел жаңа кәсіп игеріп, табыс көзін ашқан. Олардың қатарында көпбалалы аналар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар, NEET санатындағы жастар және толық емес отбасы өкілдері бар.
Сонымен бірге қалада жыл сайын «Мерейлі отбасы» байқауы, әкелер конференциясы, «Менің отбасым» және «Менің әкем – ең үздік» атты шығармашылық байқаулар өткізіліп келеді. Бұл бастамалар отбасы құндылықтарын дәріптеуге және әке мен ананың қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған.
Әрбір тұрғынға тегін қызмет көрсетіледі
Өткен жылы орталық жалпы 624 әлеуметтік қызмет көрсеткен. Оның ішінде психологиялық және заңгерлік кеңестер, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, әлеуметтік төлемдер бойынша түсіндіру жұмыстары, медициналық көмекке жолдау, медиация, демеушілік көмек ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді рәсімдеуге қолдау көрсету секілді бағыттар бар.
Орталықта арнайы өзін-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді. Мұнда тұрғындар кеңесшілердің көмегімен электрондық цифрлық қолтаңба алып, қажетті мемлекеттік анықтамаларды рәсімдей алады.
Отбасылық құндылықтарды сақтау – баршаға ортақ міндет
Салтанат Жетпісбаеваның айтуынша, отбасы мәселесіне тек әлеуметтік көмек ретінде қарауға болмайды. Бұл – қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің болашағына тікелей әсер ететін маңызды бағыт.
– Мықты мемлекет ең алдымен отбасының беріктігіне сүйенеді. Ана мен баланы қорғау, әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді, – дейді орталық жетекшісі Салтанат Жетпісбаева.
Бүгінде Степногорск қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді.Орталықтың қызметкерлері қашанда әкімдікпен бірлесе жұмыс істейді. Заңнамадағы өзгерістер тұрғындарға кеңінен түсіндіріліп, мектептерде, еңбек ұжымдарында және бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық кездесулер ұйымдастырылады.
Қала әкімінің өкімімен құрылған 16 мобильді топтың құрамына полиция қызметкерлері, дәрігерлер, білім беру және әлеуметтік сала мамандары енгізілген. Олар арнайы WhatsApp желісі арқылы өзара байланысып, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жедел көмек көрсетеді.
Степногорскідегі Отбасын қолдау орталығының тәжірибесі көрсеткендей, отбасыға дер кезінде көрсетілген психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көптеген күрделі мәселенің алдын алып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.




