Президент Тоқаевтың Пәкістанға сапары нәтижелі болды. Бизнес-форумда $200 млн келісім жасалып, екіжақты сауданы $1 млрд-қа жеткізу мақсаты қойылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында өткен бизнес-форумда жалпы құны 200 миллион долларға жуық 30-дан астам келісімге қол қойылды. Енді екі ел арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізу көзделіп отыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумды ұйымдастырғаны үшін Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифке алғысын білдіріп, сапардың тарихи маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қол жеткізілген уағдаластықтар екіжақты ынтымақтастықты стратегиялық деңгейге көтереді.
"Бүгінгі бизнес форум барысында жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан аса келісім жасалды. Бұл бауырлас халықтарымыздың сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге жуық өсті. Осы оң үрдіске арқа сүйей отырып, екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздейтін өршіл мақсат қойдық", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі таңда Қазақстанда Пәкістан капиталының қатысуымен 200-ден астам компания құрылыс, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі сияқты салаларда жұмыс істеп жатыр. Президент Үкіметке екі елдің іскер топтары арасындағы байланысты жандандыруды тапсырғанын жеткізді.
Сонымен қатар, Тоқаев Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен инвестициялық әлеуетіне тоқталды.
"Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға артып, нәтижесінде ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард доллар межесінен асты. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың долларға жетті. Бұл біздің нарықтың орнықты және экономикалық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвесторлар мен бизнеске арналған үдерістерді айтарлықтай жеңілдетеді", - деді Мемлекет басшысы.
Фото: Ақорда