Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталған Абылай Мырзахметовтің бостандыққа шығуына қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, Абылай Мырзахметов сот үкімі негізінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеген. Кейін сот шешімімен оның жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылған.

Осыған байланысты ол босатылғаннан кейін пробация қызметінің есебіне қойылған. Сот шешіміне сәйкес, Мырзахметов өзіне жүктелген барлық міндеттер мен шектеулерді сақтауға міндетті. Оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тыйым салынған.

Павлодар облысы бойынша ҚАЖД мәліметінше, пробация қызметінің қызметкерлері сотталған азаматтың белгіленген талаптарды сақтауын тұрақты бақылауда ұстайды. Бұл мақсатта жүйелі тексерулер мен өзге де бақылау шаралары жүргізіліп келеді.

Еске салайық, 2023 жылы 10 мамырда «Атамекен» ҰКП бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов ірі парамен ұсталған болатын. Ал 2024 жылдың мамырында Абылай Мырзахметов аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған.