Парламентте анасын туған күнімен құттықтаған депутат Ардақ Назаровтан кейін әріптесі Дәулет Мұқаев та елде жоқ дүниені жасап, жұрттың қызу талқысына түсті. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыға түсіп, ел назарын аударды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Журналист Айнұр Бекова Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың жұбайын Парламент атынан құттықтаған видеосына қатысты пікір білдіріп, бұл жағдайды мемлекеттік этика мәселесімен байланыстырды.
Оның айтуынша, Парламент мінбері мен мемлекеттік атрибутиканы жеке мақсатта пайдалану қоғамда орынды сын туғызады.
Журналист бұл жағдайды Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың анасын Парламент төрінде құттықтаған оқиғасымен салыстырып, соңғы кездері депутаттардың жеке мерекелерді мемлекеттік деңгейдегі рәсіммен ұштастыруы қоғамда қызу талқыланып жатқанын атап өтті.
Айнұр Бекова әлеуметтік желідегі жазбасында: «Мәжіліс – депутаттың жеке компаниясы емес. Мемлекеттік рәміздер мен Парламент атауын жеке имидж үшін қолдану – саяси мәдениеттің әлсіреуінің көрінісі», – деді.
Сондай-ақ ол депутаттың «папканы өз ақшама сатып алдым» деген уәжіне қатысты пікір айтып, мемлекеттік атау мен нышандардың жеке мақсатқа пайдаланылуы қоғамда түрлі сұрақ тудыратынын жеткізді.
Журналистің сөзінше, халық депутаттардан романтикалық контент емес, елдегі өзекті мәселелерді көтеріп, нақты заңнамалық бастамалар күтеді.
«20 миллион халықтың тағдыры шешілетін органда мемлекеттік мүдде бірінші орында тұруы керек», – деді Айнұр Бекова.
Ол сондай-ақ бұл мәселеге Мәжіліс аппараты мен мемлекеттік рәміздерге жауапты органдар назар аударуы тиіс екенін атап өтті.




