Қазақстан Ішкі істер министрлігі қоғамда қызу талқыланып жатқан резонансты қылмыстық істердің фигуранттарына рақымшылық қолданылуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс кулуарында журналистер блогерлер мен инфлюенсерлерге, сондай-ақ қоғам назарындағы өзге де істер бойынша сотталған азаматтарға рақымшылықтың таралу мүмкіндігін сұрады.

ІІМ ресми өкілі Санжар Әділовтыңайтуынша, мұндай мәселелерді қарастырғанда қылмыстың санаты мен келтірілген залалдың өтелуі негізгі рөл атқарады.

Бұл сұрақты екі бөлікке бөліп қарау керек. Рақымшылық қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес және орташа ауыр қылмыстарға қолданылады. Сіз айтып отырған істер орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады, – деді Әділов.

Алайда ол мұндай санаттағы істер бойынша рақымшылық қолдану үшін міндетті шарт бар екенін атап өтті.

ІІМ өкілінің сөзінше, орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша рақымшылық жасау үшін келтірілген материалдық залал толық өтелуі қажет.

Бұл істердің барлығында келтірілген залал бар. Қазіргі таңда ол өтелмеген. Сондықтан жазадан босату немесе қылмыстық жауаптылықтан босату түріндегі рақымшылық қолданылмайды, – деді Санжар Әділов.

Осылайша министрлік өкілі Перизат Қайрат пен өзге де осындай істердің фигуранттары келтірілген шығынды толық өтемейінше рақымшылыққа іліге алмайтынын мәлімдеді.

Мәжіліс отырысында Ішкі істер министрлігі мас немесе есірткілік масаң күйде көлік жүргізген жүргізушілерге қатысты жазаны жеңілдету мәселесіне де пікір білдірді.

ІІМ бұл бағыттағы ұстанымының өзгермейтінін жеткізді.

Ішкі істер министрлігінің ұстанымы өзгермейді. Мұндай құқық бұзушыларға қандай да бір жеңілдіктер жасауға болмайды, – деді министрдің орынбасары Санжар Әділов.

Ведомствоның мәліметінше, мас күйде көлік жүргізу азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді және ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала береді.

Сондықтан ІІМ жүргізушілердің бұл санатына қатысты жауапкершілікті жеңілдетуге қарсы екенін тағы бір мәрте мәлімдеді.