Петропавл қаласының әкімдігі шамамен 340 миллион теңгеге екі жеке үй сатып алу үшін мемлекеттік сатып алу порталында екі лот жариялады. Шарт талаптарына сәйкес, әр үйдің өз жер телімі болуы керек және тұрғын үйдің жалпы ауданы кемінде 200 шаршы метрді құрауы тиіс, деп хабарлайды Todayinfo.
Конкурс құжаттарында көрсетілген мәліметке сай, әкімдік 217–217,5 шаршы метр аралығындағы, екі қабатты, бес бөлмелі үй іздеп отыр. Баспаналар 2012 жылдан бұрын салынбаған болуы керек. Сонымен қатар үй толық әрленген, төбе биіктігі 2,5 метрден төмен емес, жөндеу жұмыстарын қажет етпейтін, санитарлық-техникалық жағдайы жақсы болуы тиіс. Орталық жылу беру, су және электр жүйелеріне қосылған, коммуналдық қызметтер бойынша қарызы жоқ, салықтық берешегі болмауы шарт.
Екінші лотта да осы талаптар сол күйінде қайталанады. Егер есептеп қарасақ, бір үйдің бір шаршы метрі шамамен 750–800 мың теңгеге шығады. Сарапшылардың айтуынша, бұл қаладағы орташа нарықтық бағадан жоғары.
Екінші лоттың сипаттамасында да: «217–217,5 шаршы метр көлеміндегі, екі қабатты, бес бөлмелі, 2012 жылдан ерте салынбаған тұрғын үй сатып алу» деп көрсетілген.
Айта кетейік, өткен жылы да Петропавл әкімдігінің мемлекеттік сатып алуларына қатысты үлкен резонанс болған еді. Сол кезде жергілікті билік Жаңа жыл қарсаңында қаладағы екі мұнараны безендіруге 230 млн теңге бөлуді жоспарлап, бір көзден сатып алу әдісін қолданғаны қоғамда талқыға түскен.
Фото: gov.kz



