Todayinfo.kz
NewsView all articles

Қазақ футболшысын Серхио Агуэроға теңеді: «Челси» 4 млн еуро төлеуге дайын

«Қайраттың» 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев әлемнің үздік жас ойыншылары тізіміне енді. Оны Серхио Агуэроға теңеген басылым оған «Челси» қызығушылық танытып отырғанын жазды.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Қазақ футболшысын Серхио Агуэроға теңеді: «Челси» 4 млн еуро төлеуге дайын

Алматылық «Қайрат» футбол клубының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев беделді Goal басылымы жасаған NXGN-2026 рейтингіне енді. Ол әлемнің ең дарынды жас ойыншыларының тізімінде 43-орынға жайғасты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Басылым сарапшылары қазақстандық ойыншының әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналуға барлық мүмкіндігі бар деп санайды. Сонымен қатар, Goal мәліметінше, лондондық «Челси» клубы Сәтпаевтың трансфері үшін 4 миллион еуро төлеуге келіскен. Жас дарын Англияға осы жазда ауысуы мүмкін.

«„Қайрат“ сапында нағыз жаңалық ашқан 17 жастағы форвард „Челсидің“ назарына ілігіп үлгерді. Ойын стилі мен шабуылды аяқтау шеберлігіне байланысты оны Серхио Агуэромен салыстырады. Енді оның BlueCo жүйесіне ауысқаннан кейін жаңа деңгейде өзін қалай көрсететіні үлкен қызығушылық тудырып отыр», – деп жазады басылым.

Сәтпаевтың нәтижелілігі де ерекше аталған. Чемпиондар лигасында одан жас кезінде көп гол соққан тек екі ойыншы бар: олар – Ансу Фати мен Ламин Ямаль. Дастан Сәтпаев 2025 жылғы Қазақстан чемпионатында 14 гол соғып, 7 нәтижелі пас берген.

Айта кетейік, рейтингтің көш басында «Барселона» ойыншылары Ламин Ямаль мен Пау Кубарси, сондай-ақ болашақта «Челсиге» ауысатын Эстеван Виллиан тұр.

Фото: Әлеуметтік желіден

Related

Қазақ футболшысын Серхио Агуэроға теңеді: «Челси» 4 млн еуро төлеуге дайын · Todayinfo