26 жастағы қазақ қызы өзінен 15 жас үлкен бразилиялық азаматқа тұрмысқа шықпақ. Ол қазақ жігіттері туралы көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.
Батыс Қазақстан облысы Ақтөбе қаласының тумасы Жанель Исмағұл әуекомапаниясында бортсерік болып істейді, ал күйеуі Джильберто ұшқыш болып қызмет атқарады. Екеуін тоғыстырған осы авиация саласы. Олар 2021 танысқан.
«Бірінші кездесуден бастап-ақ, оның сабырлы көзқарасы мен жылы жымиғаны маған ерекше әсер қалдырды. Уақыт өте келе, достық пен құрметтен бастау алған қарым-қатынастан кейін арамызда әлдебір ерекше байланыс пайда болды. Ол мені тыңдай біледі, менің сезімдеріме мән беретіні ерекше ұнайды. Ол – өте сабырлы, ойланып, орнымен сөйлейтін, ешқашан асығыстыққа салынбайтын адам. Мен өзімді оның жанында әрдайым алаңсыз әрі қауіпсіз сезінемін. Джилберто мені өзгертуге тырыспайды, керісінше, бар болмысымды қабылдағаны – мені баураған ең басты қасиеті. Қазақ жігіттерінен айырмашылығы бар. Джилберто сезімдерін ашық білдіреді. Жақсы көрсе, жақсы көремін деп тіке айтады. Еш қысылмастан жылы сөзін айтады, қамқорлығын да жасырмай көрсетеді. Қазақ жігіттері көбіне эмоциясын көрсете бермейді. Бірақ мен мұны ұлтқа байланысты емес, тәрбиеге және адамның өзіне тән қасиет деп қабылдаймын”, – дейді Жанель.
Бірақ шақырған жерге уақытында бару, жоспарлау немесе отбасыға деген қарым-қатынас сияқты мәселелерде түсініспеушіліктер болып тұратынын жасырмады. Ондай кезде жұбайлар ашуланбай, мәселені ақырын сөйлесіп шешеді екен.
“Джилбертоның басқа ұлт өкілі екенін әу баста ойландырды. Себебі әр ұлттың өз менталитеті, салт-дәстүрі, көзқарасы бар. Бірақ Джилбертоның адамгершілігі, қарапайымдығы мені бар алаңдаушылықтан арылтты. Оның ашықтығы, менің мәдениетіме деген құрметі – менің таңдау жасаудан қателеспегенімді көрсетті. Жас айырмашылығына келсек, ата-анамның арасы 10 жас болғандықтан, бұл сұраққа қатты бас қатырмадым. Біз сөйлесе бастаған сәттен бастап-ақ, жас емес, жан үндестігі маңызды екенін түсіндім»,- дейді ол.
Десе де қазақ қызының таңдауы Жанелдің жақындарын алаңдатпай қомаған. Оларды уайымдатқан – ұлт мәселесі еді. Бірақ Джилбертоны танып-білген соң, оның Жанельге деген пейілін, оны бағалайтынын көргенде бәрі ұмыт болған.
“Джилбертоның жақындары мені жылы қабылдады. Мен оның анасымен танысу үшін, Бразилияға аттандық. Ол мені өте жылы қарсы алды. Бұл мені қатты толқытқан сәт болды. Ең ерекше есте қалғаны – оның көзінен көрген шынайы мейірімі. Алып келген сыйлықтарыма шынайы қуанып, қызығушылық танытты. Тезірек мені ұзатуымда қазақы көйлекте көргісі келетінін айтты. Осы тілегі санамда жатталып қалды», – дейді қазақ қызы.
Жанельдің отбасы жақында шетелдік құдаларын қарсы алады.
«Біз болашағымызды бірге елестетеміз. Жақындап келе жатқан атаулы күндерді жоспарлап жүрміз. Қазақтың салт-дәстүрлері мен үшін өте маңызды, сондықтан әдет-ғұрыпты сақтап, ұстанғым келеді. Сол арқылы өзімнің кім екенімді, қайдан шыққанымды көрсетемін. Джилберто да менің осы тілегімді құрметтейді. Ол менің ұзатуыма анасын Бразилиядан Ақтөбеге алып келуге дайын, себебі Джилбертоға біздің дәстүріміз, ұлттық киімдеріміз қатты ұнайды. Сондықтан да анасы осының барлығын тамашалағанын қалайды. Сол себепті бәрін екі жаққа да ортақ етіп өткізгіміз келеді» – дейді Жанель.
Ақпарат көзі: Stan.kz




