Фото: Дияр Бексұлтанов
«Қазақстан халқына» қорының қызметіне қатысты қоғамда ашықтық мәселесі қайта көтерілді. Бұл туралы журналист Айнұр Бекова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Журналистің айтуынша, қор құрылған алғашқы кезеңде оның жұмысы барынша ашық болған. Қордың ресми сайтында күн сайын қанша қаржы түскені, оны кім аударғаны, нақты донорлардың аты-жөні көрсетіліп отырған. Бұл Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған тәжірибе болып, қоғамға «қор – халық үшін» деген нақты сигнал берген.
Алайда бүгінде қор сайтында тек айлық немесе жылдық PDF форматтағы есептермен шектелген ақпарат қана бар. Ірі бизнес пен банктердің бұрынғыдай белсенділігі байқалмайды. Мәселен, 2025 жылы қорға 54 679 020 961 теңге түскен. Ең ірі донорлар қатарында «Сәтті жұлдыз» лотореясы мен «Самұрық-Қазына» қоры көрсетілген. Айта кетерлігі, бұл ұйымдар қорға заң талаптарына сәйкес қаржы аударады. Сонымен қатар, қорға 1, 5, 10 теңгеден тұрақты түрде аударып отыратын қарапайым азаматтар да бар.
Айнұр Бекованың сөзінше, қорға қатысты басты сұрақтар әлі де жауапсыз қалып отыр. Атап айтқанда, жиналған қаржы қай банктерде және қандай пайызбен депозитте сақтаулы? Депозиттен түскен дивиденд бар ма, болса – оның көлемі қанша? Бұл табыс қандай жобаларға бағытталып жатыр? 2022 жылдан бері банктерде қанша қаржы «жатып қалған»?
Журналист бұл сұрақтардың жауабы қордың ресми есептерінде де нақты әрі түсінікті түрде көрсетілмегенін айтады.
«Қарапайым тілмен айтқанда, ақшаның бар екенін білеміз, бірақ оның қозғалысын толық көре алмай отырмыз», – деп жазады ол.
Сондай-ақ, 2025 жылдың қаңтарында қордың басқарма төрағасы ауысқаны да еске салынды. Жаңа басшы болып Ләззат Шыңғысбаева тағайындалған. Алайда журналистің айтуынша, бір жыл ішінде қор басшылығы тарапынан журналистерге арналған ашық брифинг өткізілмеген. Бұған дейін экс-төраға Болат Жәмішев кезеңінде журналистермен әр жарты жыл сайын кездесулер ұйымдастырылып, қойылған сұрақтарға жауап беріліп отырған.
«Қазақстан халқына» қоры – жай ғана қайырымдылық ұйым емес, ірі ұлттық компаниялар мен жүйе құраушы сектордан жиналған қомақты қаржы ресурсы. Сондықтан бұл қаражаттың қайда, қалай және қанша көлемде жұмсалып жатқанын қоғам білуі тиіс», – дейді Айнұр Бекова.
Осыған байланысты журналистер қор басшылығынан ашық брифинг өткізіп, жинақталған сұрақтарға жауап беруді күтетінін жеткізді.




