Қазақстанның болашақ вице-президентінің өкілеттігін тек Мемлекет басшысы айқындайды. Мұны Парламент палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева вице-президенттің Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен жұмыс барысында Президенттің атынан өкілдік ететінін айтты. Сонымен қатар “өзге де өкілеттіктерді” жүзеге асыратынын еске салды.
Әділет министрі Сәрсембаевтың айтуынша, вице-президент Мемлекет басшысының мүддесін қорғайды. Сондықтан оның өкілеттік аясын Президенттің өзі айқындайды.
“Бұл арнайы жарлық арқылы рәсімделеді. Демек вице-президент туралы ереже жеке құжатпен бекітіледі”, – деді министр.
Оның сөзінше, мұндай тәсіл мемлекеттік басқарудың икемділігі мен бейімделу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.




