Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ashmore Group халықаралық инвестициялық компаниясының бас директоры Марк Кумбспен кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстанда әлемдік деңгейдегі клиника салу жобасы талқыланды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Инвесторлар мемлекет басшысына елімізде халықаралық клиника салу жоспарын таныстырды. Бұл – Ashmore Healthcare International компаниясы мен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-інің бірлескен жобасы. Ең бастысы, бұл бастамаға медицина саласындағы әлемдік оператор – америкалық Mount Sinai Health System компаниясын тарту жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаның ел үшін маңызы зор екенін атап өтіп, Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетініне уәде берді.
Өз кезегінде Марк Кумбс Қазақстан экономикасының стратегиялық маңызы бар секторларында ынтымақтастық орнатуға зор әлеует барын жеткізді.
"Біз экономиканың басымдыққа ие және жоғары технологиялы салаларын дамытуға бағытталған Ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасы аясындағы ықпалдастық перспективасын жоғары бағалаймыз", - деді инвестор.
Кездесу барысында тараптар өзара тиімді басқа да бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Фото: Әлеуметтік желіден




