Қазақстанда ауыз су мәселесі соңғы жылдары коммуналдық қызмет шеңберінен шығып, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың маңызды бағытына айналды. Климаттың өзгеруі, халық санының артуы, трансшекаралық өзендерге тәуелділік және инженерлік желілердің тозуы су ресурстарын тиімді басқаруды күн тәртібіндегі басты мәселелердің біріне шығарды. Осыған байланысты мемлекет су инфрақұрылымын жаңғыртуға, жаңа су көздерін дамытуға және елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге қомақты қаражат бөліп келеді.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы республика бойынша сумен жабдықтау және су бұру бағытында 28 жоба іске асырылуда. Олардың нәтижесінде 426 елді мекендегі 1,1 миллионнан астам тұрғынның сумен жабдықтау сапасы жақсарады. Сонымен қатар 2 мың шақырымнан астам су құбыры салынып немесе қайта жаңғыртылып жатыр. Бұған қоса, 10 өңірдегі 96 гидротехникалық нысан жөнделуде.

Биыл Су ресурстарының бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу басталды. Жүйе су көздерінен бастап тұтынушыға дейінгі бүкіл процесті цифрлық форматта бақылауға мүмкіндік береді. Министрлік бұл суды есепке алу сапасын жақсартып, ысырапты азайтудың маңызды құралы болады деп есептейді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, су ресурстары Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың стратегиялық негізіне айналды. Осыған байланысты Үкімет 2024–2030 жылдарға арналған Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын және 2024–2028 жылдарға арналған Су саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Құжаттар су инфрақұрылымын жаңғыртуға, су үнемдеу технологияларын енгізуге және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Еліміздегі жағдайды Түркістан облысының мысалынан анық көруге болады. Өңірде халық саны жыл сайын өсіп, жаз мезгілінде ауыз суға сұраныс бірнеше есе артады. Ресми мәлімет бойынша, облыстағы қалалар орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылған, ауылдардың басым бөлігі де су жүйесіне қосылған. Алайда бұл барлық тұрғынның тәулік бойы үздіксіз су алып отырғанын білдірмейді.

Облыстың бірқатар ауылдарында ауыз су әлі күнге дейін кесте бойынша беріледі. Бұған жер асты су көздерінің өнімділігінің төмендеуі, су құбырларының тозуы, сорғы станциялары қуатының жеткіліксіздігі және жаздағы жоғары тұтыну әсер етеді. Осыған байланысты өңірде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ауыз су нысандары салынып, қайта жаңғыртылып жатыр. Соның ішінде Сарыағаш ауданындағы магистральдық су құбырын реконструкциялауға Арнаулы мемлекеттік қордан қаржы бөлінді. Жоба аяқталғаннан кейін ондаған ауылдың жүздеген мың тұрғыны тұрақты ауыз сумен қамтылады.

Сонымен қатар жаңа ұңғымалар бұрғыланып, қосымша резервуарлар салынуда, сорғы станциялары жаңартылып, тозған құбырлар кезең-кезеңімен ауыстырылып жатыр. Бұл жұмыстар өңірде тәулік бойы үздіксіз су беруге мүмкіндік жасауға бағытталған.

Соңғы жылдары Қазақстан ауыз сумен қамту деңгейін айтарлықтай жақсартты. Ендігі негізгі міндет – тұрғындарды тәулік бойы сапалы әрі қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл үшін инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар су көздерін ғылыми зерттеу, судың ысырабын азайту, цифрлық бақылауды дамыту және су ресурстарын тиімді басқару қатар жүзеге асырылуы қажет.