Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі Қазақстан үшін тек ауыл шаруашылығының ғана емес, ұлттық экономиканың стратегиялық бағытына айналды. Еліміз астық, ұн, майлы дақылдар және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттырғанымен, ішкі нарықта құс еті, қант, ірімшік пен сүзбе, алма, кейбір көкөніс түрлері мен балық өнімдері әлі де сырттан әкелінеді. Экономистердің пікірінше, бұл жағдай өндірістің жеткіліксіздігінен ғана емес, қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаты, сақтау инфрақұрылымы және логистикалық тізбектердің даму деңгейімен де байланысты. Азық-түлік қауіпсіздігін тек өндірілген өнім көлемімен өлшеуге болмайды. Маңыздысы — өнімнің жыл бойы қолжетімді болуы, баға тұрақтылығы және ішкі нарықтың сыртқы факторларға тәуелділігінің төмендігі. Осыған байланысты мемлекет аграрлық секторда шикізатты қайта өңдеу үлесін 70%-ға жеткізу мақсатын қойып отыр.
2026 жылдың алғашқы айларында Қазақстанның азық-түлік өндірісі өсім көрсетіп, саладағы өндіріс көлемі 665 млрд теңгеге жетті. Үкіметтің мәліметінше, тамақ өнеркәсібінің нақты көлем индексі жоспарланған көрсеткіштен жоғары қалыптасты. Бұл — жаңа инвестициялық жобалардың, өндірістік қуаттарды жаңғыртудың және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесі. Импортқа тәуелділікті азайту мақсатында Премьер-министрдин орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен экономикалық өсім жөніндегі штаб отырысында 2026 жылы тамақ өнімдері өндірісінің шамамен 9 пайызға өсуі күтілетіні айтылды. Бұл өсімді қамтамасыз ету үшін жаңа сүт фермалары, ет өңдеу кәсіпорындары, көкөніс сақтау қоймалары салынып, қант өндірісін жаңғырту жобалары іске асырылуда.
Ішкі нарықтағы импорт үлесін қысқарту үшін Үкімет отандық қайта өңдеу кәсіпорындарына арнайы қаржылық және салықтық қолдау пакеттерін ұсынып отыр. Мемлекет жаңа зауыттар салу немесе жұмыс істеп тұрғандарын модернизациялау кезінде заманауи жабдықтар мен техника сатып алу шығындарының 20%-дан 50%-ға дейінгі бөлігін кәсіпкерге инвестициялық субсидия ретінде қайтарады. Сонымен қатар несиелердің сыйақы мөлшерлемесі субсидияланып, соңғы қарыз алушы үшін жылдық 5–6%-дан аспайтын деңгейде жеңілдікті несиелер беріледі. Ішкі нарықтан ет, сүт, астық және майлы дақылдар сияқты шикізатты жаппай сатып алуға айналым қаражатын толықтыру үшін шамамен 100 млрд теңге жеңілдікті несие қарастырылған, ал кепіл мүлкі жетіспейтін кәсіпорындар үшін «Даму» қоры арқылы несие сомасының 85%-на дейін мемлекеттік кепілдік беріледі. Салықтық жеңілдіктерге келетін болсақ, корпоративтік табыс салығы стандартты 20%-дың орнына өңдеушілер үшін 3%-ға дейін төмендетілді, мүлік пен көлік салықтарына 70% жеңілдік жасалды, ал қайта өңдеушілер үшін қосылған құн салығын (ҚҚС) қосымша есепке алу жеңілдігінің мөлшері 80%-ға дейін арттырылды.
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені бүгінде тек ішкі факторларға ғана емес, жаһандық нарықтағы өзгерістерге де тәуелді.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Асылхан Джувашев атап өткендей, ағымдағы аграрлық маусымда рекордтық өнімділікпен қатар логистика, геосаясат және климаттық факторларға байланысты белгісіздік артып келеді. Әлемдік сауда бағыттарының өзгеруі мен көлік дәліздеріндегі қиындықтар жағдайында Қазақстан үшін басты міндет – экспорт бағыттарын әртараптандыру және өнімді терең өңдеу. Еліміз миллиондаған тонна өнімді шикізат күйінде экспорттауды азайтып, оның орнына жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығаруы тиіс. Бұл ішкі өндірісті дамытуға, фермерлердің табысын арттыруға және ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекет дайын өнімді сыртқы нарыққа шығару үшін теміржол және көлік тасымалы шығындарының бір бөлігін де субсидиялайды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров та азық-түлік қауіпсіздігіне жаңа көзқарас қажет екенін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазіргі жағдайда басты мақсат — өнім көлемін арттырумен қатар қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу және аграрлық сектордың инвестициялық тартымдылығын күшейту болып табылады. Азық-түлік қауіпсіздігі климаттық өзгерістермен, су ресурстарын басқарумен және экологиялық тұрақтылықпен тікелей байланысты. Сарапшылардың пікірінше, егер Қазақстан тек өндіріс көлеміне ғана сүйенсе, ұзақ мерзімді перспективада климаттық тәуекелдер мен су тапшылығы өнімділікке теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан ғылым, цифрландыру және су үнемдеу технологиялары жаңа аграрлық саясаттың негізгі өзегіне айналуда.
Климат дағдарысы мен жеткізу тізбектерінің үзілуі сияқты мәселелерді шешу үшін Қазақстан соңғы жылдары БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (FAO) серіктестікті кеңейтуде. 2026 жылы басталған ынтымақтастықтың жаңа кезеңінде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен су тапшылығына бейімделуге басымдық берілді. Қазіргі таңда Қазақстан мен FAO жалпы құны 9,5 миллион АҚШ долларын құрайтын 10 бірлескен жобаны жүзеге асыруда. Олар сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын, тұқым шаруашылығын жетілдіруді, топырақ құнарлылығын бағалауды, шегірткеге қарсы күрес пен ауыл шаруашылығын цифрландыру бағыттарын қамтиды.
FAO Бас директоры Цюй Дунъюй Қазақстанның өңірдегі рөліне жоғары баға беріп, елдің тұрақты агроазық-түлік жүйелерін дамытуда маңызды рөл атқаратынын және ұйымның азық-түлік қауіпсіздігі мен инновацияларды қолдау үшін бұл серіктестікті одан әрі нығайтуға бейіл екенін жеткізді. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың ашықтығын арттыру мақсатында субсидия алатын кәсіпорындарға өндіріс көлемін өсіру, жаңа жұмыс орындарын ашу немесе өнім сапасын жақсарту сияқты қарсы міндеттемелер жүктеледі.
Қазақстанның азық-түлік тәуелсіздігін нығайту - ішкі өндірістің, заманауи технологиялар мен тиімді мемлекеттік қолдаудың бір арнаға тоғысуын талап етеді. Ұсынылып отырған қаржылық және салықтық жеңілдіктер отандық агросектордың шикізаттық бағыттан жоғары технологиялық өңдеу деңгейіне өтуіне берік негіз қалайды. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық пен климаттық сын-қатерлер жағдайында өндіріс, логистика және ғылымның бір жүйе ретінде дамуы Қазақстанды өз нарығын толық қамтамасыз ететін, сондай-ақ Орталық Азия өңірінің азық-түлік нарығындағы тұрақты әрі сенімді серіктеске айналдырады.




