Фото: malim.kz Ақын Ақберен Елгезек кезекті рет билікті сынап, шенділердің бірбеткей, қамшы үйіргіш, ел пікірін тыңдамас деңгейге жеткенін сынға алды. Ол Ата заңдағы өзгерістер үшін елдің алаңдауына керісінше биліктің қуануы керектігін ескертті, деп жазады Todayinfo порталы. Ашул
Фото: malim.kz
Ақын Ақберен Елгезек кезекті рет билікті сынап, шенділердің бірбеткей, қамшы үйіргіш, ел пікірін тыңдамас деңгейге жеткенін сынға алды. Ол Ата заңдағы өзгерістер үшін елдің алаңдауына керісінше биліктің қуануы керектігін ескертті, деп жазады Todayinfo порталы.
Ашулы ақын ауыр сынды осымен екінші рет ескертіп, өзінің ұсыныстарын ашық айтты.
«Саясаттың қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатыр екен. Жөн. Биліктің кезекті шешімі емес, елдің болашағына тікелей қатысы бар басты құжат - Конституция талқыланып жатыр. Қит етсе, «қазақ надан», «саяси сауатсыз» дейтұғын шенеуніктер екі-үш күн бойы селдей ағылған мынандай нөпір пікірді күтпесе керек. Талқылауға салған екенсің, шыда. Елдің сөзіне назар сал, пікірін тыңда, қорытынды шығар. Ата Заңды Папуа Жаңа Гвинея үшін қабылдағалы жатқан жоқсың. Ел өзінің болашағы үшін шырылдап жатса, қуан. Демек бұл елге бәрі – бір емес. Қорқытпа, шошытпа, елмен кеңес, жұртпен ақылдас, бірігіп келешекті сомда», — деді ақын.
Оның сөзінше, заман басқа, ел өзгерді.
«Қабылда, мойында, елдің ығына жығыл. Көктегі Айды сұрап жатқан жоқ, ел өзінің Атамекен, Ата тілі үшін дат айтып жатыр. Саясаттың нәзік тұстарын түсінбесе, дәйектеріңді ұсын да, дәлелдеп бер. 100 адам комиссияға кірген екен, әрқайсысы елдің алдына шығып айтсын: «әй, ол былай, мынау былай, не деген адамсыңдар?!» деп. Қиын ба сол?!», — деді Ақберен Елгезек.