Todayinfo.kz
NewsView all articles

Қызы буллингке ұшыраған әке: Тергеуші отбасымызды кінәлі етпек болды

Алматыдағы элиталық мектепте қызы буллингке ұшыраған әке Қанат Әміркин тергеушінің әрекетіне шағымданып, мектеп әкімшілігін айыптады.

By Мұхтар Жексенбай··2 min read
Қызы буллингке ұшыраған әке: Тергеуші отбасымызды кінәлі етпек болды

Алматыдағы элиталық жеке мектепте буллингке ұшырап, өз-өзіне қол жұмсамақ болған оқушы қыздың әкесі Қанат Әміркин тергеушінің әрекетіне және мектеп әкімшілігінің жауапсыздығына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Әкесі алдымен қызының жағдайы жақсарғанын жеткізді.

"Бүгін қызымды жансақтау бөлімінен ауыстырды. Бұл – үлкен қадам. Анасы кіріп, көріп шықты. Жағдайы әлі де дәрігерлердің бақылауында, сондықтан артық ештеңе айтпай-ақ қояйын – ең бастысы, оң динамика бар. Қолдау білдірген жандардың бәріне рақмет", – деп жазды ол.

Алайда Қанат Әміркин тергеу барысында кезіккен қысым туралы айтып, таңғалғанын жасырмады.

"Бүгін жауап алуда болдым. Өзін Мәншүк деп таныстырған тергеуші істің мән-жайын анықтаудың орнына, кінәні біздің отбасымызға аударуға тырысқандай әңгіме жүргізе бастады. Оның сұрақтары мен дауыс ырғағы арандатушылыққа толы болды. Мен бұған қатысудан бас тарттым. Орнымнан тұрып, кабинеттен шығып кеттім де, басшысын тауып, тергеушіні ауыстыруды ресми түрде сұрадым. Бұл тергеушінің үстінен сыбайлас жемқорлыққа қатысты тексеріс жүргізу үшін жеке арыз дайындаймын", – деді Әміркин.

Сонымен қатар, ол мектеп қызметкерінің әрекетін де сынады. Оның айтуынша, QSI мектебінің өкілі Натали Махон оқушылар арасында отбасы туралы өсек таратып жүрген.

"Егер бұл расталса, бұл жай ғана өсек емес. Бұл – ересек адам тарапынан балаға жасалған тікелей буллинг және құпиялылықты өрескел бұзу. Мен мектеп басшылығына ресми хат жолдап, тексеріс жүргізуді және қатаң шара қолдануды талап еттім", – деп атап өтті ол.

Әміркиннің сөзінше, оқиғадан бері мектеп әкімшілігінен ешкім хабарласып, қызының жағдайын сұрамаған және кешірім сұрамаған.

"Осы уақытқа дейін маған мектеп басшылығымен кездесу тағайындалмады. Отбасымыздан жазбаша түрде кешірім сұралған жоқ. "24/7 байланыста боламын" деп уәде берген өкіл телефон қоңырауларына да, хабарламаларға да жауап бермейді. Сондықтан мен бұл істі соңына дейін жеткіземін. Басшылық буллингті азайту бойынша шара қабылдап, барлық сыныпты камерамен жабдықтап, буллингке жол берген Натали Махонды жұмыстан қуғанша тоқтамаймын", – деді ол.

Әкесі барлық ата-анаға балаларына мұқият болуға кеңес берді. "Егер балаңыз бір белгі берсе, оны өтпелі кезеңге жаба салмаңыз. Бұл өмір мен өлім мәселесі болуы мүмкін", – деп түйіндеді сөзін Қанат Әміркин.

Related

Қызы буллингке ұшыраған әке: Тергеуші отбасымызды кінәлі етпек болды · Todayinfo