Todayinfo.kz
NewsView all articles

Қызылорда 2 трлн теңгенің жобасын іске қоспақ: 10 мың жұмыс орны ашылады

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев инвесторлар үшін тұрақты заңнаманың маңызын айтты. Өңір 2029 жылға дейін 1,9 трлн теңгенің жобасын іске асырады.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Қызылорда 2 трлн теңгенің жобасын іске қоспақ: 10 мың жұмыс орны ашылады

Қызылорда облысында өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтіп, аймаққа қаржы тартудың жаңа жолдары талқыланды. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров және Бас прокуратура өкілдері қатысты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев инвесторлар үшін ең маңызды фактор – заң үстемдігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен жүріп жатқан конституциялық реформалар құқықтық ортаның тұрақтылығын арттырып, инвесторлардың сенімін нығайтады.

"Заң үстемдігі – ұзақ мерзімді инвестициялар үшін шешуші фактор. Тұрақты конституциялық негіз құқықтық өзгерістердің кенеттен туындау тәуекелдерін төмендетеді. Біз сапалы инвестициялар ағынын арттырып, қосылған құны жоғары серпінді жобаларды іске асыруымыз керек", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында СІМ өкілі Әлібек Қуантыров пен Бас прокуратура қызметкері Ризат Смағұлов инвестиция тартудың жаңа тәсілдері мен Инвестициялық омбудсменнің рөлі туралы сөз қозғады. Сондай-ақ Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров инвесторлардың құқығын қорғау бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Сыр өңіріне 774,4 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10,6%-ға артық. Ал тоғыз айда 205 млн АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция келген.

Алдағы жоспар да ауқымды. 2029 жылға дейін аймақта жалпы құны 1,9 трлн теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Бұл өз кезегінде 10 308 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Тек биылдың өзінде 100 млрд теңгенің 21 жобасын іске қосу көзделген.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Related

Қызылорда 2 трлн теңгенің жобасын іске қоспақ: 10 мың жұмыс орны ашылады · Todayinfo