Todayinfo.kz
NewsView all articles

Қызылорда әкімі 2026 жылғы референдум туралы: «Бұл – тарихи мүмкіндік»

Қызылорда әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызметкерлерді марапаттау кезінде 2026 жылғы Конституциялық референдум туралы маңызды мәлімдеме жасады.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Қызылорда әкімі 2026 жылғы референдум туралы: «Бұл – тарихи мүмкіндік»

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Алғыс айту күніне орай бірқатар сала қызметкерін марапаттап, саяси маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

«Достық үйінде» өткен жиынға Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, құқық қорғау органдарының басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Аймақ басшысы алдымен тұрғындардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген еңбек адамдарына алғысын білдірді.

"Уақытпен санаспай еңбек ететін қызметкерлерге құрмет көрсету үшін бас қостық. Отанымызды қорғап жүрген әскери қызметшілерге, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға, жедел жәрдем қызметкерлері мен жол саласы мамандарына, еріктілерге барша Сыр жұртшылығының атынан зор ризашылығымды білдіремін! Сіздердің адал еңбектеріңіз барлық құрметке лайық", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Өз сөзінде облыс әкімі еліміздегі алдағы маңызды саяси оқиғаға да тоқталды. Ол Президент Жарлығымен 2026 жылдың 15 наурызында жаңа Конституцияға арналған республикалық референдум өтетінін еске салды.

"Бұл – еліміздің жарқын келешегі үшін өз таңдауымызды жасап, қастерлі Отанымыздың берік негізін қалауға берілген тарихи мүмкіндік. Жаңа құжатта «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындалған. Ұлтымыздың тарихына алтын әріппен жазылатын осы кезеңде Сыр жұртшылығы жаңа Конституция жобасын қолдайды деп сенеміз. Баршаңызды осы іске белсенді атсалысуға шақырамын!" - деп атап өтті әкім.

Жиын соңында бірқатар сала маманы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Related

Қызылорда әкімі 2026 жылғы референдум туралы: «Бұл – тарихи мүмкіндік» · Todayinfo