Todayinfo.kz
NewsView all articles

Қызылордада «Сыр жастары» бағдарламасымен 100 жас отбасы жаңа пәтерге ие болды

Қызылордада «Сыр жастары» бағдарламасымен 100 жас отбасыға пәтер кілті табысталды. Бағдарлама 2023 жылы іске қосылған.

By Мұхтар Жексенбай··2 min read
Қызылордада «Сыр жастары» бағдарламасымен 100 жас отбасы жаңа пәтерге ие болды

Қызылорда қаласында «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтер алған 100 жас отбасына баспана кілті табысталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева және өңірдің жауапты сала басшылары мен қала тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы жастарды қоныс тойымен құттықтап, бұл бастаманың жастарға нақты демеу екенін айтты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға баспана алуға жағдай жасау туралы ұстанымын еске салды.

«Еңбек жолын енді бастаған жастардың бірден пәтер сатып алуы оңай емес. Сондықтан жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі», – делінген Мемлекет басшысының сөзінде.

Облыстық әкімдіктің дерегінше, өңірде 250 мыңға жуық жас тұрады. Бұл – Қызылорда облысы халқының шамамен 30%-ы.

Өткен жылы жастар саясатын қолдауға жергілікті бюджеттен 2 млрд 105 млн теңге бөлінген. Оның ішінде «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасына 1 млрд 200 млн теңге қарастырылды. «Отбасы банк» 500 млн теңге бөлді, ал жастар жобаларын қолдауға 310 млн теңгеден астам қаржы бағытталды.

«Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасын 2023 жылы қабылдаған. 2024 жылы осы бағдарлама арқылы 100 жас отбасы қоныс тойын тойлады. Бұл жолы 100 пәтерлік екі тұрғын үйдегі баспаналар білім беру, медицина, мәдениет, спорт, қаржы және әлеуметтік салада еңбек ететін жас отбасыларға берілді.

«Жаңа баспаналарыңыздың іргетасы берік, әр шаңырақтың іші татулық пен берекеге толы болғай!», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында үйлерді салған «Nur B group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов те құттықтау сөз сөйлеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берген жұмыстарға тоқталды.

Салтанатты шарадан кейін облыс әкімі мен қонақтар өңірлік бағдарлама арқылы пәтер алған жас маманның жаңа үйіне кіріп, ізгі тілек білдірді.

Өңірде тұрғындарды баспанамен қамтуға бағытталған әлеуметтік саясат нәтижесін беріп келеді. 2022–2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер берілген. Соңғы үш жылда алғаш рет облыстың барлық ауданында 1800-ге жуық жаңа пәтер пайдалануға тапсырылды. Қызылорда қаласында заманауи жобамен жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер салынып жатыр.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Related

Қызылордада «Сыр жастары» бағдарламасымен 100 жас отбасы жаңа пәтерге ие болды · Todayinfo