Райымбек ауданының құрылғанына 90 жыл толған мерейтой қарсаңында аудан тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі.
Бүгінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1018 адам тұр. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топ өкілдері, жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар.
Todayinfo.kz тілшісіне сұхбат берген Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев биыл тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынғанын айтты.

Әкім не дейді?
«Биылғы жылға шамамен 3 миллиард теңге қарастырылған. Осы қаржыға 156 тұрғын үй сатып аламыз. Үйлерді сатып алғаннан кейін құжаттарын “Отбасы банкке” өткіземіз. Сол жерден кезекке сәйкес тізім шығады. Кейін тұрғын үйлерді заң талаптарына сай табыстаймыз. Бүгін аудан бойынша кезегі келген төрт азаматқа баспана кілтін тапсырамыз. Кезек облыстық деңгейде жүргізілетіндіктен, барлық тұрғынды бірден қамту мүмкін емес. Үйлер төрт санат бойынша беріледі», – деді аудан әкімі.
Аудан басшылығының мәліметінше, тұрғын үймен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Бұл бастама тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және баспанаға мұқтаж азаматтардың санын азайтуға бағытталған.

Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойы тек мәдени-көпшілік іс-шаралармен ғана емес, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға арналған нақты жобалармен де ерекшеленіп отыр. Биыл ондаған отбасы көптен күткен баспанаға қол жеткізіп, мерейтойлық жылдың қуанышын сезінбек.





