Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдум барысында жүргізілген exit-poll нәтижелерімен танысқаннан кейін арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы «Қазмедиа орталығындағы» студияда сөйлеген сөзінде бұл оқиғаны еліміз үшін тарихи оқиға деп атады. Ол Қазақстан азаматтары референдумға белсене қатысып, конституциялық реформаны қолдағанын және Отанымыздың болашағы үшін дауыс бергенін атап өтті.
«Жаңа ғана exit-poll қорытындылары жарияланды. Соған сәйкес Қазақстан жаңа Конституцияны таңдап, өзінің тарихи шешімін қабылдады деп сеніммен айтуға болады. Осылайша, халқымыз дауыс беру барысында Қазақстанның алдағы тарихы мен тағдырын айқындады», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдумның ашық әрі әділ, ең жоғары деңгейде өткенін жеткізді. Оның айтуынша, отандық және шетелдік байқаушылар да заң талаптары мен демократиялық нормалардың қатаң сақталғанын растап отыр.
«Азаматтардың қалауының түпкілікті қорытындысын заңға сәйкес Референдумның орталық комиссиясы ресми түрде шығарады. Бірақ қазірдің өзінде Қазақстан азаматтары бірліктің, ынтымақтың, патриотизмнің және Отан тағдырына ортақ жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті деп айта аламыз. Азаматтарымыздың басым көпшілігі Прогресс пен Әділдікке, Заң мен Тәртіпке негізделген жарқын жолды таңдады. Бұл – өте жақсы жол. Халықтық Конституция бізді жаңа жетістіктер мен табыстарға жетелейтініне еш күмәнім жоқ», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент халықтың қолдауына ие болған жаңа Конституция мемлекет дамуының маңызды бағдары екенін айтты. Бұл – Тәуелсіздігіміз бен Егемендігіміздің іргетасы, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарының мызғымас кепілі.
«Бүгін біз ел тарихының жаңа парағын аштық. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Ең бастысы – халқымыз терең өзгерістерді батыл қолдап отыр. Ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, болашақ ұрпаққа Прогрессивті әрі Озық Қазақстанды қалдыратынымызға шын жүректен сенемін. Референдумға белсене қатысқан жастарға шынайы алғысымды білдіремін! Қасиетті Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Сүйікті Отанымыз – Қазақстан Республикасы өркендей берсін!» – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Әлеуметтік желіден




