Todayinfo.kz
NewsView all articles

Ресейлік мұғалім оқушыларды жасырын түсіріп, Путинге қарсы фильммен "Оскар" алды

Ресейлік мұғалім Павел Таланкин мектептегі патриоттық шараларды видеоға түсіріп, "Оскар" алған деректі фильм жасады. Бұл туынды үлкен дау тудырды.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Ресейлік мұғалім оқушыларды жасырын түсіріп, Путинге қарсы фильммен "Оскар" алды

Ресейдің қарапайым мектебінде ұйымдастырушы-педагог болып жұмыс істеген Павел Таланкин оқушылар қатысқан патриоттық шараларды видеоға түсіріп, кейіннен сол кадрлардан Путинге қарсы деректі фильм құрастырып, "Оскар" сыйлығын жеңіп алды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

"Господин Никто против Путина" ("Ешкім мырза Путинге қарсы") деп аталатын бұл туынды кәсіби киностудияда емес, Ресейдің Челябі облысындағы экологиясы нашар Қарабаш қаласының №1 мектебінде басталған. Таланкин мектепте видеограф болып, түрлі іс-шараларды таспаға басып, білім басқармасына есеп ретінде жіберіп отырған.

Алайда 2022 жылы Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталған соң, оның міндетіне "маңызды әңгімелер" деп аталатын патриоттық сабақтарды түсіру кірген. Бастапқыда бұл жұмыс сияқты көрінгенімен, режиссер уақыт өте келе камераның жабық жүйе саналатын мектеп ішіндегі идеологиялық үгіт-насихаттың куәгері болып жатқанын түсінеді.

Кейін ол жинаған материалдарын шетелдік режиссер Дэвид Боренштейнге жіберіп, екеуі бірлесіп деректі фильм дайындаған. Фильмде мектеп ішіндегі соғысты насихаттау, бұрынғы оқушылардың майданға аттануы және оның жасөспірімдер санасына әсері көрсетіледі.

Фильм халықаралық деңгейде танылғаннан кейін үлкен дау туды. Көптеген көрермен мен журналистер этикалық мәселені көтерді: фильмге түскен оқушылар мен мұғалімдер бұл кадрлардың әлемге танымал болатын саяси туындыға арқау болатынын білмеген.

"Бұл – есеп. Бірақ мектепке емес, болашаққа арналған есеп. Бір күні адамдар 'бүтін бір ұрпақ қалайша соншама агрессивті болып кетті?' деп сұрайды. Міне, сол кезде жауап осы камерада болады", – дейді Таланкин.

Ресейде фильмге деген реакция әртүрлі болды. Жергілікті кейбір БАҚ оны "Ресейге қарсы фильм түсірген бұрынғы мұғалім" деп атаса, мемлекеттік ақпарат агенттіктері оның "Оскар" алғанын мүлдем хабарламады. Тіпті Таланкин жұмыс істеген мектепке арнайы қызмет өкілдері барып, бұл тақырыпты талқыламауды ескерткені туралы ақпарат тарады.

Ал фильмге түскен кейбір оқушылар, керісінше, туындыны қолдап отыр. Олардың айтуынша, бәрі шынайы көрсетілген және олар камераға түсіп жатқанын білген. "Мектепте жүріп-ақ "Оскар" алатын фильмге түсіппіз", – деп әзілдейді олардың бірі.

Фото: Әлеуметтік желіден

Related

Ресейлік мұғалім оқушыларды жасырын түсіріп, Путинге қарсы фильммен "Оскар" алды · Todayinfo