Todayinfo.kz
NewsView all articles

Сәдуақасов: «Пәкістанда жеті миллион бала шахмат ойнайды, бірақ деңгейі төмен»

Қазақстан мен Пәкістан шахмат саласындағы ынтымақтастықты күшейтті. Исламабадта жаңа академия ашылып, қазақстандық мамандар тәжірибе бөлісуде.

By Мұхтар Жексенбай··1 min read
Сәдуақасов: «Пәкістанда жеті миллион бала шахмат ойнайды, бірақ деңгейі төмен»

Пәкістан астанасы Исламабадта Қазақстанның қолдауымен заманауи шахмат академиясы ашылып, екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Бұл бастама Қазақстан Президентінің Пәкістанға жасаған сапары аясында жүзеге асып отыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Осы сапар аясында өткен «Қазақстан-Пәкістан» бизнес-форумында екі елдің іскер топ өкілдері бас қосты. Жиында сөз алған Freedom Holding Corp. бас директоры әрі Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов спорттық жобалардың экономикалық байланыстарды нығайтудағы маңызына тоқталды.

«Пәкістанмен бірнеше жылдан бері шахматты бірге дамытып келеміз. Қазір Исламабадта біздің федерация жабдықтаған заманауи шахмат сыныптары ашылуда. Бұл – достығымыздың айқын көрінісі және екі елдің адами капиталды дамытуға зор мән беретінінің белгісі. Біздің елдерді жастар, цифрлық технологияларға деген қызығушылық біріктіреді. Бір-бірімізді күшейте аламыз», – деді Тимур Турлов.

Айтулы оқиғаның бірі – «Dostyq» спорт орталығында жаңа шахмат академиясының ашылуы болды. Оған Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов қатысты. Федерация ғимаратты жөндеуден өткізіп, заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етті. Салтанатты шарада бір жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары бекітіліп, оған сәйкес тренингтер, шеберлік сабақтары мен турнирлер өткізілетін болды.

Сонымен қатар Дәрмен Сәдуақасов Пәкістан жастар құрамасының мүшелерімен бір мезгілде ойнау сеансын өткізді. Мұндай кездесулер жас шахматшыларға шабыт беріп, олардың тәжірибелі гроссмейстерден тактика мен стратегияны үйренуіне мүмкіндік ашады.

«Біз Пәкістан шахмат федерациясымен олардың балалары Қазақстандағы жарыстарға қатысатын болып келістік. Өз тарапымыздан қазақстандық жаттықтырушыларды пәкістандық балалармен жұмыс істеуге жібереміз. Біздің балалар-жасөспірімдер құрамасы әлемдегі ең мықтылардың бірі, сондықтан тәжірибе бөлісуге дайынбыз. Мұнда зор әлеует бар: жеті миллионға жуық бала шахматпен айналысады. Бірақ заманауи технологиялар мен іріктеу әдістемелерін енгізу қажет, себебі бұл сала әлі бастапқы деңгейде тұр», – деп атап өтті Дәрмен Сәдуақасов.

Осылайша, Қазақстан Пәкістанға білім мен технологиялар экспортын бастады. Қазақстандық жаттықтырушылар Исламабадта чемпион дайындау әдістемелерімен бөліссе, пәкістандық жас таланттар еліміздегі турнирлерге шақырту алып, шеберліктерін шыңдайтын болады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Related