Семей қаласында күтуші әйел 91 жастағы әжейді жүйелі түрде ұрып-соғатыны анықталды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Желідегі мәліметке сүйенсек, Семей қаласында әйел адам 91 жастағы әжесіне күтуші жалдаған. Арада көп ұзамай, күмәнді жағдайлар туындаған соң үйіне жасырын бейнекамера орнатқан. Міне осыдан кейін барып, күтуші шарасыз отырған қарияны ұрып-соғатыны белгілі болды.

Кейуананың туыстары полицияның күтуші әйелді тек қорлау фактісі бойынша ғана жауапқа тартпақшы екенін айтып отыр.

«Абай облысының Полиция департаменті қарт әйелге дұрыс қарамау (қатыгездік таныту) туралы жарияланым фактісі бойынша тексеру жүргізілгенін хабарлайды. Тексеру барысында қарт әйелді күтіп-баққан азаматша анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Істің мән-жайын анықтау нәтижелері бойынша оның әрекеттерінен Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген балағаттау (қорлау), яғни басқа тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін қасақана қорлау белгілері байқалады», – делінген ПД хабарламасында.